Қарағанды облысында дербес деректерді қорғау және жасанды интеллектіні қауіпсіз қолдану жолдары түсіндірілді

    Қызметтік ақпараттың сыртқа таралуына жол бермеу, дербес деректерді қорғау және интернет-алаяқтардың арбауына түспеу мәселелері Қарағанды облысының қала және аудан әкімдіктері қызметкерлеріне арналған оқыту семинарында талқыланды. Мамандар цифрлық кеңістіктегі қауіп-қатерлерден сақтану жолдарын түсіндіріп, жасанды интеллект құралдарын пайдалануда қандай талаптарды ескеру керектігіне тоқталды.

    Қарағанды облысында дербес деректерді қорғау және жасанды интеллектіні қауіпсіз қолдану жолдары түсіндірілді

    Семинарды Қарағанды облысының цифрлық технологиялар басқармасы мен «Касперский зертханасы» бірлесіп ұйымдастырды. Киберқауіпсіздік жөніндегі сарапшы Давид Салдаев интернет кеңістігінде жиі кездесетін қауіптер туралы айтып, жұмыс барысында пайдаланылатын ақпаратты қорғаудың тиімді тәсілдерімен бөлісті.

    Кездесуде дербес деректерді сақтау мен өңдеу тәртібіне ерекше назар аударылды. Қатысушылар жеке мәліметтер қамтылған құжаттарды ашық жариялау немесе мұндай ақпаратты бөгде адамдарға беру қандай салдарға әкелуі мүмкін екенін нақты мысалдар арқылы талқылады. Мамандар қызметтік жүйелерге қолжетімділікті шектеу, жүйеге кірген кезде пайдаланушының жеке басын қосымша растау және құжаттарды жарияламас бұрын олардағы дербес деректерді жасыру қажеттігін еске салды.

    Қарағанды облысында дербес деректерді қорғау және жасанды интеллектіні қауіпсіз қолдану жолдары түсіндірілді

    Сарапшы киберқауіпсіздікті сақтауға көмектесетін күнделікті ережелерді де түсіндірді.

    1. Күмәнді өтініштерге бірден сенбеңіз. Егер біреу шұғыл түрде ақша аударуды немесе белгілі бір мәліметтерді беруді сұраса, өтініштің растығын басқа байланыс арнасы арқылы тексеру қажет.

    2. Хабарлама жіберушінің жеке басын тексеріңіз. Күмән туындаған жағдайда хабарламада көрсетілген нөмірге емес, өзіңізге белгілі байланыс нөміріне қоңырау шалған жөн.

    3. Аккаунттардың қауіпсіздігін қамтамасыз етіңіз. Күрделі құпиясөздерді қолданып, көп факторлы аутентификацияны қосу жеке деректердің қорғалу деңгейін арттырады.

    4. Қызметтік құжаттарды жеке байланыс арналары арқылы жібермеңіз. Әсіресе дербес деректер қамтылған құжаттарды жеке мессенджерлер мен электрондық пошта арқылы жолдаудан сақ болған жөн.

    5. Файлдар мен QR-кодтарды тексеріңіз. Белгісіз дереккөзден келген тіркемелер мен сілтемелерді тексермей ашу зиянды бағдарламалардың құрылғыға енуіне немесе алаяқтық ресурстарға өтіп кетуге себеп болуы мүмкін.

    6. Бағдарламаларды уақтылы жаңартыңыз. Компьютерлер мен басқа да құрылғылардағы бағдарламалық қамтылымды жаңартып отыру ақпараттық қауіпсіздікке төнетін қатерлерді азайтуға көмектеседі.

    7. Жұмыс орнынан уақытша кеткенде компьютерді құлыптаңыз. Бұл құрылғыдағы қызметтік ақпаратқа бөгде адамдардың қол жеткізуіне жол бермейді.

    8. Күдікті жағдайлар туралы дереу хабарлаңыз. Ақпараттық қауіпсіздікке қатысты күмәнді әрекеттер байқалған жағдайда жауапты мамандарға бірден мәлімдеу қажет.

    Семинарда жасанды интеллектіні қауіпсіз пайдалану мәселесі де назардан тыс қалмады. Қатысушыларға цифрлық сервистермен жұмыс істегенде сақтық танытып, оларға құпия мәліметтер мен қызметтік ақпаратты жүктемеу керектігі ескертілді.

    Қарағанды облысының цифрлық технологиялар басқармасының ақпараты бойынша

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қарағанды облысының әкімдігі" жаңалықтары