Түркістан облысында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу және жастар арасында "Заң мен тәртіп" қағидатын насихаттау бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Бұл ретте оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және жауапкершілігін қалыптастыруға ерекше мән беріледі.
Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаровтың тапсырмасымен Төлеби аудандық полиция бөлімінің бастығы Нұрдәулет Әжібеков №10 және №7 мектептің 1300-ден астам оқушысымен кездесті.
Кездесу барысында полиция басшысы жасөспірімдерге заң талаптарын сақтау, құқық бұзушылыққа жол бермеу және әрбір әрекетіне жауапкершілікпен қарау жөнінде түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Оқушылардың сұрақтарына жауап беріп, білімге ұмтылу, болашақ мамандықты таңдауда саналы шешім қабылдау және алдына нақты мақсат қоя білу туралы кеңестер берді.
Мұндай кездесулер жасөспірімдердің құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, заңға құрметпен қарауына және дұрыс өмірлік бағдар таңдауына ықпал етеді.
Профилактикалық шаралар ауданның өзге де білім беру ұйымдарында жалғасады.









