38 жастағы Семей қаласының тұрғыны қаладағы кафелердің бірінде таныс қыздарымен бірге демалып отырған. Компания есеп алғаннан кейін, оны кім төлейтіні туралы олардың арасында дау туындаған. Сөзге келіскен жанжал көп ұзамай төбелеске ұласып, ер адам қыздардың біріне дене жарақатын келтірген.
Сот оны кінәлі деп танып, 60 сағат көлемінде қоғамдық жұмысқа тарту түріндегі жаза тағайындады.
Жазасын өтеу үшін сотталған азамат Семей қаласы Абай ауданының пробация қызметіне есепке қойылды. Пробация қызметінің мамандары онымен профилактикалық әңгіме жүргізіп, жазаны өтеу тәртібі мен талаптарын түсіндірді, сондай-ақ белгіленген талаптарды орындамаған жағдайда жауапкершілікке тартылатыны туралы ескертілді.
Қоғамдық жұмысты өтеу үшін ер адам қаладағы күзет агенттіктерінің біріне жіберілді. Бүгінгі таңда ол сот белгілеген 60 сағаттың 20 сағатын өтеп үлгерді.
– Қоғамдық жұмыс сотталған адамға қоғамнан оқшаулаусыз жаза өтеуге және жасаған әрекетінің салдарын түсінуге мүмкіндік береді. Пробация қызметінің міндеті – жазаның орындалуын бақылау, сондай-ақ сотталғандармен профилактикалық жұмыстар жүргізіп, олардың алдағы уақытта осындай құқық бұзушылықтарға жол бермеуіне ықпал ету, – деді Семей қаласы Абай ауданы пробация қызметі бөлімінің бастығы Жанар Накишева.









