Үстіміздегі жылдың 13 қазан күні аудандық Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінде ауыл спортшылары арасында өткен «Алтын күз – 2026» XXXIX облыстық спартакиадасының салтанатты жабылу рәсімі өтті.

Салтанатты шараға аудан әкімі Ерлан Төрәлиев қатысып, жарысқа қатысушыларды спорттық доданың аяқталуымен құттықтады.

Бес күнге созылған дүбірлі дода аясында спорттың 16 түрінен жарыстар ұйымдастырылып, облыстың 7 ауданынан келген 1500-ге жуық спортшы өзара бақ сынады. Қатысушылар спорттық шеберліктері мен жеңіске деген жігерін көрсетіп, тартысты бәсекенің көркін қыздырды.

Спартакиада қорытындысы бойынша командалық есепте Жалағаш ауданының спортшылары үздік нәтиже көрсетіп, І орынды иеленді. Ауданымыздың намысын қорғаған спортшылар туған жердің мерейін үстем етіп, жалпыкомандалық есепте жеңіс тұғырынан көрінді.

Жалпыкомандалық есептің қорытындысы бойынша:

І орын – Жалағаш ауданы;

ІІ орын – Сырдария ауданы;

ІІІ орын – Қазалы ауданы;

IV орын – Жаңақорған ауданының спортшылары иеленді.

Жарыс барысында үздік нәтиже көрсеткен командалар мен спортшылар марапатталып, жеңімпаздарға құрмет көрсетілді.