Бүгінде жасанды интеллект пен жаңа технологиялар күнделікті өміріміздің ажырамас бөлігіне айналды. Технологиялық даму қарқын алған кезеңде балалардың робототехникаға ерте жастан қызығушылық танытуы – заман талабы. Өйткені робот құрастыру мен оны бағдарламалау техникалық білімді жетілдіріп қана қоймай, баланың логикалық ойлауын, шығармашылық қабілетін және ізденімпаздығын дамытады, деп хабарлайды baq-orda.kz облыстық arainfo.kz газетіне сілтеме жасап.
Меркі ауданында осы бағытта балалардың қабілетін шыңдап жүрген жас мамандардың бірі – Жолдасбек Бахадырұлы. Ол екі жылдан бері робототехника үйірмесін жүргізіп, өскелең ұрпақтың техникалық сауатын арттыруға үлес қосып келеді. Үйірмеге мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерден бастап 15 жасқа дейінгі оқушылар қатысады.
Үйірмедегі сабақтар балалардың оқу кестесіне сәйкестендіріліп, күніне екі мезгіл – түске дейін және түстен кейін өткізіледі. Ата-аналар үшін сабақ ақысының қолжетімді болуы да үйірменің тұрақты жұмыс істеуіне мүмкіндік беріп отыр.
Балалардың сапалы білім алуына қажетті жағдай да жасалған. Сабақ барысында олар планшеттерді пайдаланып, LEGO жиынтықтарының көмегімен түрлі роботтарды құрастырады. Дайын үлгілерді қайталаумен шектелмей, өз идеяларын жүзеге асыруға талпынады. Бірі роботтың құрылымына қызықса, енді бірі оның қозғалысын бағдарламалауға ден қояды. Осылайша балалар теориялық білімдерін тәжірибемен ұштастырып, өз мүмкіндіктерін сынайды.
Робототехника үйірмесін ашу идеясы Жолдасбектің жеке тәжірибесінен туындаған. Бес баланың әкесі өз балаларына техникалық бағытта білім алуға мүмкіндік іздеген кезде ауданда мұндай үйірмелердің аз екенін аңғарған.
– Мен бес бала тәрбиелеп отырған көпбалалы әкемін. Өз балаларымды техникалық бағыттағы үйірмелерге бергім келген кезде біздің ауданда мұндай мүмкіндіктердің аз екенін байқадым. Содан балаларым да, басқа оқушылар да қатыса алатын үйірме ашсам деген ой келді, – дейді Жолдасбек Бахадырұлы.
Қазіргі таңда ол Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз университетінде «Информатика мұғалімі» мамандығы бойынша білім алып жүр. Сонымен қатар «Зерек» жеке бастауыш мектебінде робототехника пәнінен сабақ береді. Тараз қаласында арнайы курстардан өтіп, робототехника тренері ретінде кәсіби біліктілігін де жетілдірген.
Еңбектің нәтижесі де жоқ емес. Жолдасбектің айтуынша, оның шәкірттері облыстық, республикалық және халықаралық деңгейдегі робототехника жарыстарына қатысып, түрлі марапаттарға ие болған. Кейбір оқушылар шетелде өткен сайыстарда ел намысын қорғап, тәжірибе жинақтаған. Мұндай жетістіктер балалардың өзіне деген сенімін арттырып, жаңа жобалар жасауға деген ынтасын күшейтеді.
Робототехника – тек техникалық құрылғыларды құрастырумен шектелмейтін бағыт. Ол баланы мәселені шешуге, қателіктен сабақ алуға, жүйелі ойлауға және командамен жұмыс істеуге үйретеді. Әсіресе математика, физика және информатика пәндерінен алған білімдерін тәжірибеде қолдану оқушылардың болашақ мамандығын таңдауға да оң ықпал етеді.
Алдағы уақытта Жолдасбек Бахадырұлы шәкірттерінің білімін жаңа деңгейге көтеріп, оларды ұшқышсыз басқарылатын аппараттарды, яғни дрондарды құрастыруға және басқаруға үйретуді жоспарлап отыр. Бұл – балалардың заманауи технологияларға деген қызығушылығын арттырып, инженерлік бағыттағы қабілеттерін дамытуға жол ашатын маңызды қадам.
Жолдасбектің бастамасына жары Таңшолпан да қолдау көрсетіп келеді. Педагог болып еңбек ететін ол жолдасының жұмысына түсіністікпен қарап, шәкірттерінің жетістіктеріне бірге қуанады. Отбасында балалардың білімге құштарлығын арттыруға, жаңа дүниені үйренуіне және өз қабілеттерін дамытуына ерекше мән беріледі.
Бүгінде Меркі ауданындағы бұл үйірме балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастырумен қатар, олардың болашаққа деген көзқарасын қалыптастыруға ықпал етіп отыр. Бір кездері қарапайым бөлшектерден құрастырылған робот балалар үшін үлкен жаңалық болса, ертең сол қызығушылық олардың инженер, бағдарламашы немесе технология саласының білікті маманы болуына негіз қалауы мүмкін.









