1 / 6
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, қазақ күресінен спорт шебері, ауданның Құрметті азаматы Жұматай Темір Шубайұлын еске алуға арналған жасөспірімдер арасындағы дзюдодан VII республикалық турнир өтуде.
Жарыстың ашылу салтанатына аудан әкімі Ұласбек Сәдібеков қатысып, жас спортшылар мен жарыс қонақтарын турнирдің басталуымен құттықтады.
Аудан басшысы өз сөзінде Темір Шубайұлының саналы ғұмырын спорт саласына арнап, көптеген шәкірттің үлкен спортқа қадам басуына жол ашқанын атап өтті. Сондай-ақ оның ауданның қоғамдық өміріне белсене араласып, ел дамуына елеулі үлес қосқанын жеткізді.
Аудан басшысы балалар мен жасөспірімдер спортын дамыту, жастардың салауатты өмір салтын ұстануына жағдай жасау – маңызды міндеттердің бірі екенін атап өтті. Бүгінде Бәйдібек ауданындағы төрт спорт мекемесінде екі жарым мыңнан астам бала тұрақты түрде спортпен шұғылданады. Оларға 150-ге жуық жаттықтырушы тәлім береді.
Сонымен қатар ауданда спорт инфрақұрылымын дамыту бағытындағы жұмыстар жалғасып келеді. Жақында Боралдай ауылдық округіне қарасты Теректі елді мекенінде жаңа спорт нысаны ашылды. Бұдан бөлек, Есіркеп батыр атындағы жасөспірімдер арасындағы қазақ күресінен республикалық турнир де тұрақты өткізіліп келеді.
Биыл жетінші рет ұйымдастырылып отырған жарысқа еліміздің бірнеше өңірінен келген жас дзюдошылар қатысып, сегіз салмақ дәрежесі бойынша өзара мықтыны анықтауда.
Турнирдің басты мақсаты – Темір Шубайұлының есімін ұлықтау, жасөспірімдер арасында дзюдо спортын дамыту, жас балуандардың шеберлігін шыңдау және болашақ чемпиондарды тәрбиелеу.
Жарыс барысында қатысушылар жеңіс үшін белдесіп, өздерінің спорттық дайындығы мен шеберлігін көрсетуде.
Бәйдібек ауданы әкімінің баспасөз қызметі







