Астанада екі ел басшыларының қатысуымен Қазақстан-Бельгия ректорлар форумы өтті

    1 / 16

    Астанада екі ел басшыларының қатысуымен Қазақстан-Бельгия ректорлар форумы өтті

    13 қазанда Астанада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Бельгиялықтар Королі Филипп пен Патшайымы Матильданың «Жасанды интеллект, жоғары білім және ғылыми зерттеулер: Қазақстан мен Бельгия ынтымақтастығының перспективалары» тақырыбында Қазақстан-Бельгия ректорлар форумы өтті. Іс-шараға екі елдің бейінді министрліктерінің өкілдері, Қазақстанның 18 және Бельгияның 11 жоғары оқу орны мен ғылыми-зерттеу ұйымының басшылары да қатысты.

    Форум академиялық және ғылыми ынтымақтастықтың жаңа бағыттарын талқылауға, бірлескен білім беру бағдарламалары мен ғылыми-зерттеу жобаларын дамытуға, сондай-ақ жасанды интеллект және жоғары білімді цифрлық трансформациялау салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейтуге арналған маңызды алаңға айналды.

    Форумды ашқан ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Мемлекет басшысы мен Бельгиялықтар Королі Филипп және Патшайымы Матильданың қатысуы жоғары білім мен ғылымның екіжақты қарым-қатынастарды нығайтудағы және ұзақ мерзімді серіктестікті қалыптастырудағы стратегиялық маңызын айқындайтынын атап өтті. Сонымен қатар ол Қазақстан мен Бельгия университеттері арасындағы тікелей байланыстарды нығайтып, нақты практикалық нәтижелерге бағытталған серіктестікті дамытудың маңыздылығына тоқталды.

    «Президенттің бастамасымен 2026 жыл Цифрландыру және жасанды интеллект жылы болып жарияланды. AI-Sana бағдарламасы аясында 700 мыңнан астам студент білім алды. Ендігі міндет – университеттерде алған білімді білім беру үдерісінде, ғылыми зерттеулерде және технологиялық жобаларда іс жүзінде қолдануды қамтамасыз ету. Форум барысында Қазақстан мен Бельгия университеттерінің ректорлары жасанды интеллектіні білім мен ғылым салаларында қолдану перспективаларын талқылады. Қол жеткізілген уағдаластықтардың маңызды нәтижелерінің бірі – математика, жасанды интеллект, модельдеу және инженерлік есептеулер салаларында Қазақстан мен Гент университетінің бірлескен Mirror Lab зертханасын дамыту. Зертхана Математика және математикалық модельдеу институты мен Alem.ai халықаралық орталығының базасында жұмыс істейді деп жоспарланған», – деп атап өтті министр Саясат Нұрбек.

    Форумға қатысушылар жасанды интеллектіні білім беру үдерісіне, ғылыми зерттеулерге және университеттерді басқаруға енгізу мәселелеріне баса назар аударды. Сондай-ақ жаңа технологиялардың білім беру бағдарламаларының мазмұнына, оқыту әдістеріне, академиялық коммуникацияға және цифрлық экономика жағдайында сұранысқа ие құзыреттерді қалыптастыруға ықпалы талқыланды.

    Форум аясында ҚР Премьер-министрінің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Хасселт университетінің ректоры, Фламандия университетаралық кеңесінің президенті Бернард Ванхесден, NU президенті Вакар Ахмад, Монс университетінің ректоры Лоран Лефевр, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің ректоры Сәуле Рахметуллина, Ғылыми зерттеулер қорының бас хатшысы Вероник Аллуэн және Astana Hub бас директоры Мағжан Мәдиев сөз сөйледі.

    Баяндамалар мен пікірталастар барысында Қазақстан мен Бельгияның университеттері және ғылыми ұйымдары арасындағы өзара іс-қимыл перспективалары қарастырылып, инновациялық шешімдерді енгізу тәжірибесімен алмасу және жаңа бірлескен бастамаларды іске асыру мүмкіндіктері талқыланды. Сұрақ-жауап форматында өткен пікір алмасу кезінде жасанды интеллектіні білім беру мен ғылыми зерттеулерде қолданудың практикалық қырларына, сондай-ақ технологиялық өзгерістер жағдайында университеттер алдында тұрған жаңа міндеттерге ерекше назар аударылды.

    Форумда Alem.ai экожүйесін дамыту моделі де таныстырылды. Ол мектептен бастап университетке, зерттеу зертханасына және технологиялық компанияға дейінгі таланттарды даярлау мен қолдаудың үздіксіз жүйесін қалыптастыруды көздейді. Осы бағытта жасанды интеллект саласында 1 000 маман даярлау, 100 стартапты қолдау және 10 ғылыми-зерттеу жобасын дамыту сияқты жыл сайынғы нақты межелер айқындалды. Бұл көрсеткіштер жұмыстың нәтижелерін нақты бағалауға және отандық жасанды интеллект экожүйесін жүйелі түрде дамытуға мүмкіндік береді.

    Қазақстан мен Бельгия арасындағы ынтымақтастық екі елдің ғылыми, білім беру және технологиялық әлеуетін ұштастыруға жаңа мүмкіндіктер ашады. Ынтымақтастықтың перспективалы бағыттарына бірлескен білім беру бағдарламаларын әзірлеу, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын кеңейту, ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыру және университеттердің қызметін цифрландыру бойынша озық тәжірибелермен алмасу жатады.

    Форумның күн тәртібіндегі негізгі мәселелердің бірі – Қазақстанның Еуропа мен Азияның академиялық қауымдастықтарын біріктіретін білім, ғылым және инновациялар саласындағы халықаралық ынтымақтастықтың өңірлік алаңы ретіндегі рөлін нығайту болды. Іс-шара аясында қазақстандық және бельгиялық серіктестер арасында 20-дан аса құжатқа қол қою рәсімі өтті. Бұл құжаттар институционалдық өзара іс-қимылды дамытуға, жоғары білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған. Екі елдің бейінді министрліктері өкілдерінің қатысуы университеттер мен ғылыми ұйымдар арасындағы байланысты дамытуға қосымша серпін берді.

    Форумның қорытындысында Бельгиялықтар Королі Филипп пен Патшайымы Матильда цифрлық қонақтар кітабына қол қойды.

    Қазақстан-Бельгия ректорларының форумы екі ел арасындағы әріптестікті дамытудағы маңызды кезең болды. Қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру академиялық байланыстарды кеңейтуге, бірлескен ғылыми зерттеулерді жандандыруға, сұранысқа ие мамандар даярлау сапасын арттыруға, сондай-ақ білім беру, ғылым және өндіріс салаларына заманауи технологияларды енгізуге ықпал етеді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі" жаңалықтары