2026 жылы 12 қазанда Петропавл қаласында She Impact Kazakhstan жобасы аясында әйелдер және әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуға, заманауи цифрлық технологияларды, жасанды интеллектіні және бизнестегі инклюзивті тәсілдерді енгізуге бағытталған семинар өтті.
Іс-шараның спикері – «Білім беру және жұмыспен қамту» салалық кеңесі жанындағы «Инклюзия» кіші комитетінің төрайымы Елена Куликова.
Семинар барысында қатысушыларға әлеуметтік бизнесті іске қосу және дамыту мүмкіндіктері, кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдаудың қолданыстағы шаралары, сондай-ақ әлеуметтік әсері бар бизнес-жобаларды жүзеге асырудың қазақстандық табысты тәжірибелері туралы ақпарат берілді.
Әйелдер кәсіпкерлігі мен креативті экономиканы дамытуға ерекше назар аударылды. Қатысушыларға шығармашылық дағдыларды табыс көзіне айналдыру, цифрлық бағыттарды дамыту, онлайн-сатылымдарды ұйымдастыру, жеке брендті ілгерілету және кәсіпкерлік мүмкіндіктерді кеңейтудің заманауи құралдары таныстырылды.
Семинар аясында инклюзивті кәсіпкерлікті дамыту, әлеуметтік бастамаларды іске асыру, халықтың әлеуметтік осал топтарын экономикалық қызметке тарту және өзекті қоғамдық мәселелерді шешуге бағытталған жобаларды жүзеге асыру жолдары да талқыланды.
Семинар ашық диалог форматында өтті. Әйел кәсіпкерлер талқылауға белсенді қатысып, сұрақтар қойды және өз жобаларын одан әрі дамытуға арналған практикалық ұсыныстар алды.









