Әйтеке би ауданының Қарабұтақ ауылында көп жылдан бері бос тұрған бұрынғы аудандық аурухана ғимараты қайта жаңғыртылып жатыр. Күрделі жөндеуден кейін мұнда психоневрологиялық ауытқулары бар азаматтарға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсететін орталық ашу жоспарда.
Үш қабатты ғимарат 150 адамға шақталған. Жалпы ауданы 2 851,5 шаршы метрді құрайтын орталықта 18 жастан асқан, психоневрологиялық ауытқулары бар I және II топтағы мүгедектігі бар азаматтарға қызмет көрсетіледі. Нысанның штаттық құрамы 114 бірлікті құрайды.
⚒️ Қазір ғимаратта күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Мердігер – «KDC Construction» ЖШС. Бүгінде демонтаж жұмыстары аяқталып, терезелер ауыстырылған, жаңа кафель төселіп, жылу жүйесі іске қосылған. Сантехникалық жұмыстар да аяқталды. Мердігер сыртқы қасбетті толық жаңартып, осы айдың соңына дейін ішкі әрлеуі аяқтамақ.
Облыстық №2 әлеуметтік қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Нұрлан Төкенұлының айтуынша, жаңғырту жұмыстары жоспарға сәйкес жүргізілуде. Жөндеу аяқталғаннан кейін ғимарат заманауи талаптарға сай жабдықталып, әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарды қабылдауға дайын болады. Орталықты келер жылы пайдалануға беру көзделген.
Жобаның ауыл үшін де маңызы зор. Тұрғындардың айтуынша, бұрынғы аудандық аурухана ғимаратының ұзақ уақыт бос тұруы жергілікті жерде бірнеше рет көтерілген мәселелердің бірі болған. Енді нысанның қайта пайдалануға берілуі ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға ықпал етпек.
«Ауылдың дәл ортасында орналасқан бұл ғимараттың қайта жөнделіп, игілікке берілетініне қуаныштымыз. Орталық іске қосылса, жаңа жұмыс орындары ашылып, ауылымыздың ажары арта түседі. Ең бастысы, ерекше күтім мен әлеуметтік қолдауды қажет ететін азаматтарға көмек көрсетіліп, олардың оңалуына және қоғамға бейімделуіне мүмкіндік туады. Көптен бері бос тұрған нысанның қайта іске қосылуы – ауылымыз үшін үлкен үміт»,
– дейді ауыл тұрғыны Зоя Бөлекова.
Орталықтың іске қосылуы бұрынғы аурухана ғимаратын қайта айналымға енгізіп қана қоймай, арнаулы әлеуметтік қызметтерге қолжетімділікті арттыруға мүмкіндік береді.








