Алматы қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті мессенджерлерде (whatsApp, telegram және т.б.) қызметкерлер мен басшылық атынан жалған аккаунттар құрып, жалған ақпарат жіберетін алаяқтардың жиілеп кеткені туралы ескертеді.
Алаяқтар қоғамдық тамақтану орындарына, денсаулық сақтау объектілеріне және т.б. кәсіпкерлерге хабарласып, тексеру жүргізетінін айтып қорқытып, мәселені шешу үшін ақша талап еткен жағдайлар кездесуде.
Осыған байланысты санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органдарының қызметкері екенін, тексеріс жүргізетінін айтып бөтен нөмір арқылы хабарласқан адамдарға сенбеңіздер. Алдымен олардан мемлекеттік қызметші екеніндігін растайтын қызметтік куәлік (ID карта) талап етіңіз немесе Департаменттің ішкі қауіпсіздік бөліміне хабарласып (+7 727 385 3515), осы ақпаратты нақтылап алыңыз.
Мемлекет тарапынан кәсіпкерлерді қолдау мақсатында заңнамалық актілерге өзгертулер енгізіліп, алдын алу шараларының репрессиялық шаралардан басымдығы белгіленді. Бұл мемлекеттік жүйенің басты мақсаты бұзушыларды жазалау емес бұзушылықтарды болдырмау және халықтың денсаулығына төнген қауіптің алдын алу болып табылады.
Барлық тексеру шаралары Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіндегі талаптарға сәйкес жүзеге асырылатын естеріңізге саламыз. Кәсіпкерлерге жедел ден қою шаралары арқылы және бұзушылықты жою туралы нұсқамалар беріліп, оларға кемшіліктерді жоюға мүмкіндік пен уақыт беріледі.
Яғни үлкен мөлшерде айыппұл салатынын мәлімдеп, хабарласқан адам – ол санитариялық-эпидемиологиялық бақылау органының қызметкері емес. Өйткені шынайы қызметкерлер заң талаптарын сақтайды және құқыққа қайшы әрекеттерді талап етпейді.
Мұндай фактілер болған жағдайда Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарына немесе Департаменттің ішкі қауіпсіздік бөліміне хабарлауды сұраймыз.
«Заң мен Тәртіп» қағидасы аясында азаматтарға орасан зор зиян келтіретін және мемлекеттік қызметшілердің имиджіне нұқсат алып келетін алаяқтармен күресу ортақ міндет деп санаймыз.









