Қысқы маусымға дайындық барысы пысықталды

    1 / 5

    Ақтөбе облысында жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын қысқы күтіп-ұстауға 381 бірлік арнайы техника әзірленіп, 4,4 мың тоннадан астам көктайғаққа қарсы материал қоры жасақталды.

    Автомобиль жолдарын қысқы кезеңге дайындау мәселесі облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде қаралды.

    Баяндама жасағандар қатарында Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайыр және «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының директоры Айбол Данағұл болды.

    Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет жолдарды қар мен көктайғақтан сапалы әрі уақтылы тазалауды қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударды. Оның айтуынша, қалада қысқы күтіп-ұстау жұмыстары 7 млн шаршы метр жол инфрақұрылымын қамтиды. Оның ішінде 711 көше мен 54 тұрғын алап бар. Жұмыстарды орындауға 357 бірлік арнайы техника дайындалған. Жол учаскелері мердігер ұйымдар арасында 18 учаскеге бөлінген.

    Сонымен қатар мердігер ұйымдардың жұмысына баса мән берілді. Техниканың желіге уақытылы шығуын және жолдар мен тротуарларды тазалау кезінде анықталған кемшіліктердің жедел жойылуын бақылау күшейтіледі.

    Қыс басталғанға дейін 1 650 тонна тұз және 1 410 тонна құм-тұз қоспасын дайындау жоспарланған. Шалғайдағы тұрғын алаптарда жолдарды жедел тазалау үшін техника мен көктайғаққа қарсы материалдар сақталатын жол-пайдалану пунктері ашылады.

    Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Айбек Қайырдың мәліметінше, жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 4 427,1 шақырымды құрайды. Оларға 174 учаскеде 55 мердігер ұйым қызмет көрсетеді. Қысқы маусымға 381 бірлік арнайы техника дайындалып, 4,4 мың тонна көктайғаққа қарсы материал және 12,6 мың тонна дизель отыны әзірленген.

    2026 жылы облыстық және аудандық жолдарды күтіп-ұстауға 2,5 млрд теңге қарастырылған. Жол қауіпсіздігін арттыру мақсатында 5 мың метр қар тоқтататын құрылғы орнату және 53 бірлік арнайы техникаға GPS-мониторинг жүйесін енгізу жоспарланып отыр.

    Сондай-ақ жылыту пункттерінің дайындығына, су өткізу құбырларын тазалауға және мердігер ұйымдардың жұмысына бақылауды күшейтуге басымдық берілген. Әсіресе қар басу қаупі жоғары және қозғалыс жиі шектелетін жол учаскелеріне назар аударылады.

    «Қыста қозғалысқа шектеулер жиі енгізілетін Әйтеке би, Байғанин, Қарғалы, Мұғалжар, Ырғыз және Хромтау аудандарындағы автомобиль жолдарын дайындауға аса көңіл бөлінеді. Ауа райы нашарлаған жағдайда жедел әрекет ету және уақытылы шешім қабылдау үшін полициямен және төтенше жағдайлар қызметімен бірлесіп кезекшілікті ұйымдастыру қажет», – деді Айбек Қайыр.

    Республикалық маңызы бар жолдарды қысқы кезеңге дайындау туралы «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиалының директоры Айбол Данағұл баяндады.

    Оның айтуынша, «Самара – Шымкент» автожолына назар аударылып отыр. Атап айтқанда, 763-шақырымнан 1025-шақырымға дейінгі учаскеге 59 бірлік арнайы техника бекітілген. Қар мен көктайғаққа қарсы күрес үшін 9,4 мың тонна ұсақталған тас, 2,9 мың тонна тұз және 16 мың тонна құм қоры қарастырылған.

    Сонымен қатар жол қызметтерінің арнайы техникаға деген нормативтік қажеттілігі әзірге толық қамтамасыз етілмеген. Қажетті 154 бірліктің орнына қазіргі уақытта 127 техника бар. Жақын арада тағы 13 техника, оның ішінде төрт автогрейдер мен тоғыз жүк тиегіш жеткізіледі деп күтілуде.

    Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының бойында жалпы ұзындығы 246 шақырымды құрайтын қар басу қаупі бар 101 учаске анықталған. Жолдарды қорғау мақсатында 28 учаскеде темірбетон қоршаулар орнатылған, қалған бөліктерде қардан қорғайтын қалқандар орнату жұмыстары жалғасып жатыр.

    Жиын қорытындысы бойынша облыс әкімі Асхат Шахаров жол қызметтерінің қысқы маусымға толық дайындығын қамтамасыз етуді тапсырды. Ол арнайы техниканың жарамдылығын, жанар-жағармай материалдары мен көктайғаққа қарсы құралдардың жеткілікті қорын қатаң бақылауға алуды міндеттеді.

    Сондай-ақ жылыту пункттерінің дайындығын тексеру, жол қызметтерінің тәулік бойы кезекшілігін ұйымдастыру және мердігер ұйымдардың жұмысына бақылауды күшейту тапсырылды.

    «Қар жауып, көктайғақ болған кезеңде жол қызметтері кідіріссіз жұмыс істеуі керек. Ең алдымен елді мекендерге, әлеуметтік нысандарға және негізгі автомобиль магистральдарына қатынауды қамтамасыз ету қажет. Аудан және қала әкімдері бұл мәселені жеке бақылауына алып, көлік қозғалысының бұзылуына және тұрғындардың қауіпсіздігіне қатер төнуіне жол бермеу үшін барлық қажетті шараларды қабылдауы тиіс», – деп атап өтті Асхат Шахаров.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақтөбе облысы Шалқар ауданы Бозой ауылдық округі әкімінің аппараты" жаңалықтары