Отбасының цифрлық картасы әл-ауқат деңгейін қалай анықтайды?

    Отбасының цифрлық картасы үй шаруашылықтары мен отбасылардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын анықтауға арналған.

    Осы мәліметтер негізінде мемлекеттік қолдау шараларын проактивті түрде ұсынуға мүмкіндік береді.

    Қазір ОЦК-да 6,2 млн отбасын құрайтын 20,6 млн азамат туралы мәліметтер бар.

    Отбасының цифрлық картасы 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыс істейді.

    Ол әр отбасының цифрлық бейінін қалыптастырып, әлеуметтік әл-ауқат деңгейін анықтайды.

    Отбасының әлеуметтік әл-ауқатын бағалау жүйесі халықаралық тәсілдер негізінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Даму бағдарламасымен бірлесіп әзірленген.

    Кешенді бағалау нәтижесінде әр отбасы әлеуметтік әл-ауқат деңгейіне қарай бес санаттың біріне жатқызылады:

    • А санаты – саламаттылықтың жоғары деңгейі;
    • В санаты – саламаттылықтың ауқатты деңгейі;
    • С санаты – саламаттылықтың қанағаттанарлық деңгейі;
    • D санаты – экономикалық тұрғыдан осал деңгейі;
    • Е санаты – экономикалық және әлеуметтік тұрғыдан осал деңгейі.

    Отбасының санаты бір ғана көрсеткішке қарап анықталмайды. Бағалау 59 көрсеткіш пен 8 негізгі бағыт бойынша жүргізіледі.

    Оларға мыналар жатады:

    • қаржылық жағдайы;
    • мүлкі мен активтері;
    • тұрғын үй жағдайы;
    • жеңіл автокөлігі мен коммерциялық көлігінің болуы;
    • жер учаскесі мен жеке қосалқы шаруашылығының болуы;
    • жұмыспен қамтылуы;
    • несиелері мен мерзімі өткен берешегінің болуы;
    • кәсіпкерлікпен айналысуы және басқа да көрсеткіштер.

    Сондықтан отбасының санатын анықтағанда табысы, үйі немесе көлігі ғана есепке алынбайды.

    Оның әлеуметтік-экономикалық жағдайына қатысты барлық дерек ескеріледі.

    Мысалы, А санатына әл-ауқаты жоғары отбасылар жатады. Бұл санаттың өлшемдерінің бірі отбасының әр мүшесіне шаққандағы табыстың күнкөріс деңгейінің 7 есесіне тең немесе одан жоғары болуы. Бұл шамамен 350 мың теңге және одан да көп соманы құрайды.

    Сонымен қатар отбасының әр мүшесіне шаққанда шартты түрде 120 шаршы метрден келетін бірнеше тұрғын үйінің болуы мүмкін.

    Коммерциялық жылжымайтын мүлкі, ірі, орта немесе шағын бизнесі, сондай-ақ люкс немесе премиум санатындағы қымбат көліктері де ескеріледі.

    Отбасының құрамы мен әлеуметтік әл-ауқат деңгейі ай сайын қайта есептеліп тұрады. Осылайша, отбасының жағдайы туралы мәліметтер үнемі жаңартылады.

    Демек, Отбасының цифрлық картасындағы бағалау бір рет жүргізіліп, ұзақ уақытқа бекітілмейді. Мемлекеттік ақпараттық жүйелердегі мәліметтер өзгерген сайын, олар картаға автоматты түрде жаңартылып отырады.

    Мәселен, отбасының табысы азайса, мүлкі сатылса, отбасы мүшелерінің саны артса немесе басқа да ескерілетін жағдайлар өзгерсе, оның әлеуметтік-экономикалық жағдайы қайта бағаланады.

    Егер азамат отбасының құрамы немесе әлеуметтік әл-ауқат санаты дұрыс анықталмаған деп есептесе, тұрғылықты жері бойынша Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің департаментіне немесе әкімдіктің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасына жүгіне алады.

    Мамандар Отбасының цифрлық картасындағы мәліметтерді тексеріп, сәйкессіздіктің себебін анықтайды әрі мәселені шешуге көмектеседі.

    Қате мәлімет бастапқы дереккөзде түзетілген соң, ол Отбасының цифрлық картасында автоматты түрде жаңартылады. Отбасының санаты да келесі бағалау кезінде қайта анықталады.

    Қайта өтініш берудің қажеті жоқ.

    Отбасының әл-ауқат деңгейін ескеру мемлекеттік қолдаудың жекелеген түрлерін тағайындағанда оның нақты жағдайын дұрыс бағалауға көмектеседі. Бұл әлеуметтік көмекті шынымен мұқтаж отбасыларға бағыттауға мүмкіндік береді.

    Отбасының цифрлық картасы – әлеуметтік қорғау жүйесіндегі заманауи құрал. Оның көмегімен мемлекет отбасылардың жағдайындағы өзгерістерді дер кезінде байқап, азаматтарға қандай қолдау алуға болатынын алдын ала хабарлайды. Сондай-ақ көмек әр отбасының нақты жағдайы мен қажеттілігіне қарай көрсетіледі.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі" жаңалықтары