Астанадағы Qazaq Creative Hub орталығында Creative Aimaq республикалық жобасы аясында ұйымдастырылған «Aqtobe Creative Days» екі күндік жәрмеңкесі аяқталды.
Ақтөбе облысынан келген креативті индустрияның 100-ге жуық өкілі 22 бағыт бойынша өз жобаларын ұсынды. Көпшілік дизайнерлік киімдер, әшекейлер, былғарыдан, ағаштан, сүйек пен киізден жасалған бұйымдар, ұлттық нақыштағы аксессуарлар мен кәдесыйларды сатып алды.
Мәдени бағдарлама аясында «Aqtobe Design» сән көрсетілімі, «Алақай» қуыршақ театрының «Жыл мезгілдері» инклюзивті қойылымы, Ақтөбе туралы анимациялық фильмнің таныстырылымы, композитор Серік Закарияның шығармашылық кеші, «SherTer» және «Жеребе life» жобаларының концерттері өтті.
Сондай-ақ Димаш Құдайбергеннің өнер жолы мен халықаралық деңгейдегі жетістіктеріне арналған арнайы көрме ұйымдастырылды. Book Market кітап алаңында ақтөбелік қаламгерлердің шығармалары таныстырылды. Бұдан бөлек, зергерлік өнер, киіз басу, тері және ағаш өңдеу бойынша шеберлік сабақтары өткізілді.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, екі күнде жәрмеңкеге 9 500 адам барды, жалпы 23 млн 850 мың теңгеге өнім сатылды.
Creative Aimaq жобасы өңірлердегі креативті индустрияларды қолдауды, отандық брендтерді танытуды және шығармашылық кәсіпкерлікті дамытуды көздейді.









