Қарағанды облысында өңір экономикасының нақты сұранысына сай маман даярлауға мүмкіндік беретін білім беру-өндірістік кластерлер құрылуда. Бұл бастама аясында колледждер мен кәсіпорындар оқу бағдарламаларын жаңартып, өндірістік тәжірибені ұйымдастыруға және студенттерге тәлімгерлер бекітуге бірлесіп күш салып отыр.
Кадр даярлаудың жаңа тәсілдері аппараттық кеңесте талқыланды.
Қазір өңірде 49 колледж жұмыс істейді, онда 33 мыңнан астам студент білім алады. Түлектердің еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтарды игеруі үшін білім беру бағдарламалары жұмыс берушілермен бірлесіп қайта қаралып жатыр.
– Бүгінде еңбек нарығымен бірге білім беру мазмұны да өзгеруде. Жұмыс берушілермен бірлесіп, 243 білім беру бағдарламасын әзірледік. Оқу үдерісіне микробіліктіліктер, Minor қосымша бағдарламалары және жасанды интеллект енгізіліп жатыр. Болашақ IT мамандары деректерді талдау мен киберқауіпсіздікті, кеншілер цифрлық жабдықтар мен автоматтандырылған басқару жүйелерін, ал энергетиктер автоматтандыру мен энергия үнемдеу технологияларын меңгеруде, – деді облыстық білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаев.
Келесі міндет – оқу үдерісі мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту. Қазір облыста дуальды оқыту жүйесі жолға қойылған. Бұл жүйе аясында 37 колледж 464 кәсіпорынмен ынтымақтастық орнатқан. Студенттер теориялық білімін өндірістік тәжірибемен ұштастырады. Бұдан бөлек, 150 кәсіпорын 29 колледжге қамқорлық жасауды қолға алған.
Ынтымақтастықтың жаңа үлгісі ретінде колледждерді, кәсіпорындар мен бейінді басқармаларды біріктіретін салалық кластерлер құрылып жатыр. Алғашқысы – Step Build: қадам мамандыққа құрылыс кластері. Оның аясында «Кірпіш қалау» құзыреті бойынша оқу орталығын ашу, BIM технологиясын енгізу және жоғары оқу орындарымен бірлескен жобаларды жүзеге асыру жоспарланған.
Сонымен қатар мектептерді, колледждер мен жоғары оқу орындарын, сондай-ақ IT компанияларды біріктіретін өңірлік IT-альянс құрылды. Агроөнеркәсіптік кешенге арналған кластерді қалыптастыру жұмыстары да басталған. Қазір ауыл шаруашылығы кәсіпорындары колледждермен маман даярлау және қызметкерлерді тәжірибе жүзінде оқыту жөнінде 31 меморандум жасасқан.
Кадр қажеттілігі тек қазіргі бос жұмыс орындарына қарап емес, болашақта іске қосылатын өндіріс орындарын ескере отырып та бағаланады. Талдау нәтижесіне сәйкес, алдағы бес жылда өңір кәсіпорындарына төрт мыңнан астам қызметкер қажет болады. Олардың басым бөлігі – құрастырушылар, электрмонтерлер, токарьлар, бақылау-өлшеу аспаптары мен автоматика құрылғыларын жөндейтін және реттейтін мамандар, операторлар және басқа да техникалық қызметкерлер.
Бұдан бөлек, облыста 30 мыңнан астам жұмыс орнын ашуды көздейтін 186 инвестициялық жобадан тұратын тізбе қалыптастырылған.
– Мемлекеттік білім беру тапсырысы алғаш рет колледждердің өтінімдеріне емес, кәсіпорындардың нақты кадр қажеттілігіне қарай қалыптастырылды. Колледждер бизнес өкілдерінен сұранысқа ие мамандықтар бойынша ұсыныстар алады, студенттер тәлімгерлердің жетекшілігімен өндірісте тәжірибеден өтеді, ал оқу орындары білікті жұмысшылар даярлайды. Ең бастысы – мамандар оқуын аяқтағаннан кейін осы кәсіпорындарға жұмысқа орналасып, сонда еңбек етуі керек, – деп атап өтті облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Өңір басшысы салалық кластерлердің жұмысын жандандыруды және бизнес өкілдерімен бірлесіп, алдағы үш жылға қажетті жұмысшы мамандардың санын айқындауды тапсырды.









