Дзюдодан 2027 жылғы әлем чемпионатының туы Қазақстанға табысталды

    1 / 4

    Қазақстан 2027 жылы Астанада өтетін дзюдодан әлем чемпионатының туын қабылдады. Салтанатты рәсім Бакуде өтіп жатқан әлем чемпионаты аясында ұйымдастырылды.

    Салтанатты рәсім барысында Әзірбайжан дзюдо федерациясының вице-президенті Эльнур Мамедли әлем чемпионатының туын Халықаралық дзюдо федерациясына (IJF) қайтарды. Өз кезегінде, IJF Бас хатшысы Лиза Аллан Туды Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеевке салтанатпен табыстады.

    Дзюдодан келесі әлем чемпионаты 2027 жылдың 7–14 маусым аралығында Астана қаласында өтеді. Аталған дода 2028 жылы Лос-Анджелесте өтетін Олимпиадаға іріктеу кезеңіндегі маңызды жарыс. Әлемнің үздік дзюдошылары Олимпиада жолдамасына қол жеткізу үшін қажетті рейтингтік ұпайлар үшін сынға түседі.

    Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев әлем чемпионатына дайындық барысында жарысты ұйымдастыруға және ұлттық құраманың дайындығына басымдық берілетінін айтты.

    «Әлем чемпионатын Қазақстанда өткізу – халықаралық спорт қауымдастығының елімізге білдірген сенімінің көрінісі. Бұл бізге үлкен жауапкершілік жүктейді. Біздің міндетіміз – жарысты Халықаралық дзюдо федерациясының талаптарына сай өткізу және ұлттық құраманың дайындығын қамтамасыз ету.

    Үйде, жанкүйерлералдында белдесу спортшыларымыз үшін маңызды сынақ болмақ. Сондықтан олардың жаттығуына, халықаралық жарыстарға қатысуына жәнеел намысын абыроймен қорғауы үшінқажетті жағдай жасауға көңіл бөлеміз. Алдағы чемпионат елдегі дзюдоның дамуынатағы да үлкенсерпін береді деп сенеміз», – деді Қазақстан дзюдо федерациясының президенті Қуанышбек Есекеев.

    Осылайша, 2027 жылы дзюдодан әлем біріншілігі араға 12 жыл салып қайтадан Қазақстанда өтеді. Осыған дейін 2015 жылы Астана қаласында әлем біріншілігі ұйымдастырылған болатын. Сонымен қатар, 2023–2026 жылдар аралығында Қазақстан төрт жыл қатарынан Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) ресми күнтізбесіне енген, Олимпиада ойындарына іріктеу жүйесінде маңызды рөл атқаратын беделді Qazaqstan Barysy Grand Slam халықаралық турнирін өткізді.

    Осындай жоғары деңгейдегі халықаралық жарыстардың Қазақстанда тұрақты түрде ұйымдастырылуы еліміздің әлемдік дзюдо аренасындағы беделін, ірі халықаралық спорттық іс-шараларды қабылдауға дайын екенін білдіреді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігі" жаңалықтары