Түркістан облысында кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның штаб отырысы өтті. Жиынды облыс әкімінің орынбасары, кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссия төрағасы Ертай Алтаев ашып, жүргізіп отырды.
Отырыста балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтік жағдайлардың алдын алу, сондай-ақ ерте жүктіліктің алдын алу және жасөспірімдердің репродуктивтік денсаулығын қорғау мәселелері талқыланды. Сондай-ақ өзекті проблемаларды жан-жақты зерделеп, олардың алдын алуға бағытталған шараларды күшейту қажеттігі атап өтілді.
Мәжіліс барысында облыстық балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Балмаржан Нарбекова балалардың құқықтарын қорғау саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуы, балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтарының сақталу жағдайы туралы баяндады. Ал облыстық психологиялық қолдау орталығының директоры Мөлдір Баймұханбетова кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтік жағдайлардың жай-күйі және олардың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстар туралы тоқталды.
Жиынға аудан, қала әкімдіктерінің жауапты өкілдері, балалардың құқықтарын қорғау, білім және қоғамдық даму, денсаулық сақтау, жұмыспен қамту және әлуметтік бағдарламалар салаларының басшылары мен өкілдері, сондай-ақ полиция департементінің өкілдері қатысты.
Штаб отырысының қорытындысында облыс әкімінің орынбасары Ертай Кенжебекұлы көтерілген өзекті мәселелер мен ұсыныстарды назарға алып, тиісті бағыттардағы жұмыстарды күшейту жөнінде тапсырмалар берді. Балалар мен жасөспірімдер арасында орын алуы мүмкін келеңсіз жағдайлардың алдын алу, анықталған проблемалар бойынша нақты ұсыныстар әзірлеу және профилактикалық жұмыстардың тиімділігін арттыру міндеттері айқындалды. Аталған бағыттардағы жұмыстар бақылауға алынып, ұсыныстар хаттамаға енгізілді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі









