Қазіргі уақытта медициналық-әлеуметтік сараптама бөлімшесіне бармай-ақ медициналық-әлеуметтік сараптамадан өтуге болатынын білесіз бе?
Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің мұндай форматы сырттай проактивті деп аталады.
Біздің облыста медициналық-әлеуметтік сараптаманың сырттай проактивті форматы 2021 жылғы 1 қарашадан бастап енгізілді.
Сырттай проактивті куәландыру барлық ауру түрлері бойынша жүргізілмейтінін білу маңызды. Заңнамада бекітілген нозологиялар тізбесі бар. Бүгінгі таңда сырттай проактивті форматта куәландыру 23 нозология бойынша жүргізіледі. Олардың қатарына онкологиялық аурулар, барлық психикалық және мінез-құлық бұзылыстары, барлық анатомиялық ақаулар, қан айналымы жүйесінің жекелеген аурулары, балалардағы 1-типті қант диабеті, туберкулез және басқа да бірқатар аурулар кіреді.
Сырттай проактивті форматтың басты артықшылығы — мемлекеттік қызметті алушының медициналық ұйымға жүгінуі жеткілікті, медициналық-әлеуметтік сараптама бөліміне жеке баруы талап етілмейді.
Сырттай проактивті форматтағы медициналық-әлеуметтік сараптаманы Қазақстан Республикасының әртүрлі өңірлерінен келген эксаумақтық сарапшылар жүргізеді. Куәландыру медициналық ұйымдардың ақпараттық жүйелерінен электрондық форматта келіп түсетін иесіздендірілген медициналық құжаттар негізінде жүзеге асырылады.
Бұл ретте сарапшылар тек медициналық ақпаратты — тексеру нәтижелері мен мамандардың қорытындыларын ғана көреді. Куәландырылатын адамның жеке деректері (тегі, аты, әкесінің аты, ЖСН-і және тұрғылықты өңірі) сарапшыларға қолжетімді болмайды.
Мұндай тәсіл қызмет көрсетушілер мен қызмет алушылар арасындағы тікелей байланысты болдырмайды. Бұл қабылданатын сараптамалық қорытындылардың ашықтығын қамтамасыз етіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, бұл формат денсаулығының ауыр жағдайына байланысты медициналық-әлеуметтік сараптамадан өтуі қиын пациенттер үшін, сондай-ақ облыстың шалғай ауылдарында тұратын азаматтар үшін өте қолайлы. Өйткені оларға медициналық-әлеуметтік сараптамадан өту үшін арнайы келудің қажеті жоқ.
Бүгінгі таңда мемлекеттік қызметті алушылардың 61%-дан астамы куәландырудан сырттай проактивті форматта өтеді.








