Ақтау қаласында Каспий маңы мемлекеттері университеттері мен ғылыми-зерттеу орталықтары қауымдастығының XXVIII Бас Ассамблеясы өтті. Халықаралық жиын Ш. Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің ұйымдастыруымен өтіп, Каспий өңіріндегі ғылыми-білім беру ынтымақтастығын дамыту мәселелеріне арналды.
Ассамблея жұмысына Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергенов, Каспий маңы елдерінің жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу ұйымдарының басшылары, ғалымдар және академиялық қоғамдастық өкілдері қатысты. Биылғы басқосу Yessenov University-дің 50 жылдығы және көрнекті ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Шахмардан Есеновтің туғанына 100 жыл толуы аясында ұйымдастырылды.
1996 жылы құрылған қауымдастық Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Ресей және Түрікменстанның жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу институттарын біріктіреді. Оның қызметі ортақ ғылыми-білім беру кеңістігін дамытуға, Каспий теңізінің өзекті мәселелерін бірлесіп зерттеуге және мемлекеттер арасындағы академиялық байланыстарды нығайтуға бағытталған.
Ассамблеяда Каспий теңізінің экологиялық жағдайы, теңіз деңгейінің төмендеуі, су ресурстарының тапшылығы, биоалуантүрлілікті сақтау және климаттық өзгерістердің әсері мәселелері көтерілді. Қатысушылар өңірдегі экологиялық проблемаларды шешу үшін ғылыми деректермен алмасудың, бірлескен зерттеулер жүргізудің және ғылыми негізделген практикалық шешімдер әзірлеудің маңызын атап өтті.
Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Ербол Ізбергенов Каспий өңіріндегі экологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мен ғылыми ынтымақтастықты нығайтудың маңызын айтты.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев экологиялық және су қауіпсіздігін қамтамасыз ету, табиғи және антропогендік қатерлердің алдын алу мемлекеттік саясаттың маңызды міндеттерінің бірі екенін үнемі атап көрсетеді. Маңғыстау облысының әкімдігі өңірдің ғылыми және білім беру әлеуетін дамытуға, халықаралық ынтымақтастықты кеңейтуге, ғылыми нәтижелерді өндіріске енгізуге және қоғамның өзекті мәселелерін шешуге бағытталған бастамаларды қолдауға дайын. Баршаңызға нәтижелі жұмыс, сындарлы пікір алмасу, жаңа ғылыми бастамалар мен табысты ынтымақтастық тілеймін, - деді Ербол Ізбергенов.
Ассамблея аясында қауымдастыққа төрағалық ету өкілеттігін Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінен Yessenov University-ге тапсыру рәсімі өтті. Сонымен қатар жиын қорытындысы бойынша мүше жоғары оқу орындары мен ғылыми-зерттеу ұйымдары арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылып, бірлескен ғылыми жобалар мен білім беру бағдарламаларын дамыту мәселелері қарастырылды.
Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі









