Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова банктер, микроқаржы ұйымдары мен коллекторлық агенттіктердің басшыларымен, бас қаржы омбудсманымен және бейінді қаржы омбудсмандарымен кездесу өткізді. Қатысушылар халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту, проблемалық берешекті реттеу, азаматтардың жолданымдарын қарау сапасы және қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл мәселелерін талқылады.
Кездесуде кепілсіз тұтынушылық кредит беруді шектеу бойынша қабылданған шаралардың кредиттік портфельдің өсуін бәсеңдетуге ықпал еткені атап өтілді. Соңғы екі жылда борыш жүктемесі коэффициентіне қойылатын талаптар қатаңдатылды, мерзім 90 күннен астам уақытқа кешіктірілген кезде қарыздар беруге тыйым салынды, тұтынушылық кредит сомасы шектелді және сыйақының шекті жылдық тиімді мөлшерлемесі азайтылды. Қадағалау шаралары күшейтіліп, банктерге қойылатын ең төменгі резервтік талаптар енгізілді. Нәтижесінде портфельдің өсу қарқыны 2025 жылғы тамыздағы 14,6%-дан 2026 жылғы тамыздағы 7,5%-ға дейін шамамен екі есеге азайды.
Берешекті реттеу мәселелері азаматтардың Агенттікке жүгінуінің негізгі себептерінің бірі болып қалып отыр. Ағымдағы жылғы 9 айда 144,3 мың жолданым қаралды. Банк секторының үлесіне жолданымдардың 48%-ы, микроқаржы секторына - 33%-ы, коллекторлық қызметтер секторына - 9%-ы тиесілі. Берешекті реттеуден бөлек азаматтар шоттарға тыйым салу мен бұғаттау, алаяқтық пен кредиттік тарих мәселелері бойынша жүгінеді.
Осыған байланысты кредиторлардың проблемалық қарыз алушылармен жұмысына ерекше назар аударылды. Қаржы ұйымдарына халықтың шамадан тыс кредит алуын азайту жөніндегі ұсыныстар берілді. Берешекті реттеу шараларын қабылдау және қарыз алушылардың кірісі мен нақты мүмкіндіктерін ескере отырып шешімдер ұсыну қажеттілігі атап өтілді.
Бірінші кезекте клиенттердің мәселелерін банктер, микроқаржы ұйымдары және нарықтың басқа да қатысушылары аталған жауапкершілікті мемлекеттік органдарға жүктемей, өздері шешуге тиіс. Банктер мен МҚҰ-да құрылған клиенттердің құқықтарын қорғау жөніндегі бөлімшелер жолданымдарды мәніне қарай қарауға және оларды реттеу үшін шаралар қабылдауға тиіс. Олардың жұмысының тиімділігі жауаптар жіберу мерзімдерін сақтау тұрғысынан ғана емес, клиенттердің мәселелерін шешу нәтижелері бойынша бағалануы керек.
Қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл мәселелері жеке қаралды. Алаяқтық жолмен қарыз ресімдеудің алдын алу мақсатында шешім қабылдау кезеңі енгізілді, алғашқы қарызды алу кезінде жеке қатысу талабы, 21 жасқа толмаған және 55 жастан асқан клиенттердің келісімін растауға қойылатын қосымша талаптар енгізілді, сондай-ақ онлайн-қарыздарды ресімдеу кезінде Сәйкестендіру деректерімен алмасу орталығы арқылы биометриялық сәйкестендіру көзделді. Кредиттік бюролар Ұлттық Банктің Антифрод-орталығына қосылып, бірнеше өтінім беру туралы деректерді нақты уақыт режимінде беру қамтамасыз етілді, банктердің мобильді қосымшаларында сессиялық антифрод жүйесі енгізілді.
Ұсынылған деректерге сәйкес, алаяқтық жолмен ресімделген қарыздардың саны 2024 жылғы 8,7 мыңнан 2026 жылы 1,9 мыңға дейін азайған. Алдағы уақыттағы жұмыс банктердің антифрод-жүйелерін жетілдіруді және олардың алаяқтық операцияларды анықтау мен алдын алудың тиімділігін бағалау мақсатында тәуелсіз аудит жүргізуді көздейді.
Берешекті реттеу және азаматтардың жолданымдарын қарау тиімділігін арттыру мақсатында қатысушылар қаржы омбудсманы қызметін одан әрі дамытуды талқылады. Егер мәселе қаржы ұйымы деңгейінде реттелмесе, қаржы омбудсманы қызметі дауды қолжетімді және тәуелсіз қарауды қамтамасыз етуге тиіс. Омбудсманның құзыретіне жататын мәселе бойынша жүгінген әрбір азамат қажетті көмек алып, мәселе бойынша түсінікті түсіндірме мен негізделген шешімге қол жеткізуі тиіс.
Қызмет алдына FinKomek цифрлық платформасы базасында жолданымдармен жұмыс істеудің барлық кезеңдерін – өтініш беруден бастап шешім қабылдауға және оның орындалуын бақылауға дейінгі біріктіру міндеті қойылды. Азаматтар үшін платформа көмек алудың бірыңғай арнасына айналуға тиіс. Жүйе мәселенің сипаты мен оны қарау кезеңіне байланысты жолданымды кредиторға немесе қаржы омбудсманына жолдауды, мерзімдерін бақылауды және өтініш берушіні нәтиже туралы хабардар етуді қамтамасыз етуі қажет.
Қызметтің толыққанды жұмысы үшін қаржы ұйымдары цифрлық шешімдерді енгізуді қоса алғанда, қажетті қаржыландыруды қамтамасыз етуге тиіс. Қызметтің міндеті - дауларды сапалы қарауды және негізделген және орындалатын шешімдер қабылдауды қамтамасыз ету. Агенттік жолданымдардың себептерін талдауға және анықталған бұзушылықтар бойынша қадағалау шараларын қабылдауға назар аударады. Қайталанатын шағымдар туралы ақпарат жүйелі проблемаларды анықтау, реттеуді жетілдіру және осыған ұқсас бұзушылықтардың алдын алу үшін пайдаланылатын болады.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар қаржы жүйесінің тұрақтылығын және қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқықтарын қорғаудың тиісті деңгейін қамтамасыз ету мақсатында Агенттікпен өзекті мәселелер бойынша жан-жақты талқылауды және өзара іс-қимылды жалғастыруға келісті.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы









