1 / 2
Отырар ауданында шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, өмірге жол сілтейтін ұлғатты ұстаздардың төл мерекесіне арналған ауқымды мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Мерекелік кеште «Отырар өнер және саз мектебінің» оркестрі жиналған көпшілікті күмбірлеген күймен қарсы алды. Аудандағы білім беру ұйымдары дайындаған арнайы көрме жұмыстары ұсынылып, келген қонақтар ұстаздардың шығармашылық жетістіктерімен танысты.
Салтанатты жиынды аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Уалихан Жамалханұлы ашып, жүрекжарды жылы лебіздерін білдірді. Ұстаздық жолдың ауыр да абыройлы жүгін арқалаған ардақты жандардың еңбегі ешқашан ұмытылмайтынын атап өтті.
Әкім мен төраға өңіріміздегі білім саласының дамуына сүбелі үлес қосып жүрген бір топ ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, алғыс хаттар мен марапаттарды табыстады.
Сонымен қатар, мерекелік жиынға арнайы қатысқан Түркістан облысының білім басқармасы басшысының орынбасары Өсербаев Амантай Оразалыұлы білім саласында нәтижелі еңбек етіп жүрген бір топ ұлағатты ұстаздарға басқарма басшысының Алғыс хаттарын салтанатты түрде табыс етті.
Іс шарада ардагер ұстаздарға сый-сыйапат жасалып, одан әрі концерттік бағдарламаға ұласты. Сахна төріне шыққан «Сегіз сері» тобының орындауындағы «Бипыл» мен «Ұстазым» әндері көпшіліктің көңілін көтерсе, жас өнерпаз Теміршаева Аяулымның орындауындағы «Ұстазым» әні жүректерге жылу ұялатты. Сондай-ақ Адиля Алмазқызы мен Сұлухан Рашидқызының «Ұстазға тағзым», «Аяла» тобының «Ұстазым ұнайды», Айгерім Ахауова мен Адиля Алмазқызының «Ардақты ұстазым» әндері кештің сәнін кіргізді. Салтанат Жиренбай мен «Сегіз сері» тобының орындауындағы «Ананың тілі» әні де көрерменнің ыстық ықыласына бөленді.
«Ұстаздан тәрбие алған» немесе «Ұстаз алдын көрген» деген сөздер қазақ баласы үшін қашанда қасиетті ұғым екені белгілі. Осы бір қағиданың астарына терең үңілдірген мерекелік кеш ұстаз мәртебесін бір саты жоғары көтеріп, қатысушыларға ұмытылмас рухани әсер сыйлады.









