
2026 жылғы 7 қазанда Көкшетау қаласы әкімдігінде қала әкімінің орынбасары А. Б. Нүгертаеваның төрағалығымен әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық комиссияның отырысы өтті.
Отырыстың басында қала әкімінің орынбасары бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз» республикалық конкурсының өңірлік кезеңінде жеңімпаз атанған кәсіпорындарды құттықтады. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігінің маңыздылығын атап өткен А. Б. Нүгертаева кәсіпорындардың тұрақты даму, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жұмыскерлердің еңбек құқықтарын сақтау және қоршаған ортаны қорғау мәселелеріндегі белсенді ұстанымын атап өтті.
Қала әкімінің алғыс хаттары мен естелік кубоктары келесі кәсіпорындарға табысталды: «Үздік ұжымдық шарт» номинациясы бойынша — «Гормолзавод» ЖШС, «Үздік әлеуметтік жауапты кәсіпорын» номинациясы бойынша — «Асыл Арман» ЖШС, «Еңбекті қорғау саласындағы үздік кәсіпорын» номинациясы бойынша — «Камаз Инжиниринг» АҚ.
Сонымен қатар, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қосқан елеулі үлесі, адал еңбегі және қаланың қоғамдық өміріне белсенді қатысқаны үшін Көкшетау қаласының әкімі А. К. Кумпекеевтің атынан алғыс хаттарымен «Aqmola beton industry» ЖШС директоры Ф. М. Жұмабеков, «Көкшетау Инвест» ЖШС директоры А. А. Князюк, «Көкшетау Инвест» ЖШС менеджері Е. А. Воронцова, «Эко Dump» ЖШС механизаторы А. С. Ширмер, «Мукеева» ЖК директоры Ж. Н. Мукеева марапатталды.
Марапаттарды табыстау кәсіпорындар мен жұмыскерлердің қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыруға, сондай-ақ қолайлы әрі қауіпсіз еңбек жағдайларын жасауға қосқан елеулі үлесінің мойындалуы болды.
Комиссия отырысына Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Ақмола облысы бойынша департаментінің, Мемлекеттік кірістер басқармасының, «Мемлекеттік аннуитеттік компания» АҚ Ақмола облысы бойынша филиалының өкілдері, әлеуметтік әріптестік тараптары мен Көкшетау қаласының жұмыс берушілері қатысты.
Отырыс барысында еңбек қатынастары саласындағы өзекті мәселелер қаралды. Атап айтқанда, ұжымдық шарттарға мониторинг жүргізу және оларды цифрландыру, кәсіпорындарда еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету, өндірістік жарақаттанудың алдын алу, сондай-ақ еңбек міндеттерін орындау кезінде жұмыскерлерді жазатайым оқиғалардан міндетті сақтандыру мәселелері талқыланды.
Отырыс қорытындысы бойынша жауапты тұлғаларға әлеуметтік әріптестікті одан әрі дамытуға, еңбекті қорғау жөніндегі жұмыстың тиімділігін арттыруға және жұмыскерлердің еңбек құқықтарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған тиісті тапсырмалар берілді.
Қалалық комиссияның жұмысы мемлекеттік органдар, жұмыс берушілер мен жұмыскерлер арасындағы сындарлы өзара іс-қимылды нығайтуға, сондай-ақ Көкшетау қаласында қолайлы және қауіпсіз еңбек жағдайларын қалыптастыруға бағытталған.









