
2026 жылдың 19 қыркүйегі мен 4 қазаны аралығында Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында XX жазғы Азия ойындары өтті. Құрлықтың басты кешенді жарысына 45 мемлекет қатысып, спорттың 43 түрінен (71 тәртіп) 469 медаль жиынтығы сарапқа салынды. Қазақстан Республикасының ұлттық құрамасы сапында спорттың 35 түрі бойынша 558 спортшы өнер көрсетті. Дүбірлі доданың қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасы 84 медаль еншілеп (12 алтын, 24 күміс және 48 қола), жалпыкомандалық есепте 8-орынға тұрақтады.
Ұлттық құраманың бұл жеңісіне Шығыс Қазақстан облысының спортшылары айтарлықтай үлес қосты. Өңір намысын спорттың 9 түрінен 39 лицензия жеңіп алған 30 спортшы қорғады. Тартысты өткен жарыстардың нәтижесінде шығысқазақстандықтар 8 медаль иеленді: 1 алтын, 2 күміс және 5 қола.
Шпагамен семсерлесуден командалық сында Азия ойындарының алтын медалін Қазақстан құрамасы сапында өнер көрсеткен ШҚО спортшылары Руслан Курбанов, Вадим Шарлаимов және Кирилл Проходов жеңіп алды. Жарыс жолында отандық спортшылар Катар (45:27), Сингапур (45:36) және Гонконг (45:34) құрамаларын сенімді түрде жеңіп, финалда Оңтүстік Корея командасынан 43:42 есебімен басым түсті.
Шпагамен семсерлесуден жекелей сында Кирилл Проходов күміс жүлдегер атанды. Іріктеу кезеңінде 6 кездесудің 5-еуінде жеңіске жетіп, 1/16 финалда Катар (15:2), 1/8 финалда Тайпей (15:14), 1/4 финалда Қытай (15:7) және 1/2 финалда Гонконг (15:13) спортшыларын ұтқан ол, финалда жапониялық Кано Кокиге есе жіберді (13:15). Тағы бір күміс медальді 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден (стипль-чез) 9:06.82 уақыт көрсеткішімен жеңіл атлет Нора Джеруто еншіледі.
Азия ойындарының қола жүлделерін төмендегі спортшылар иеленді:
Владислава Андреева — шпагамен семсерлесу (әйелдер командасы сапында);
Анастасия Ананьева — слаломды есу (С-1, жекелей сын);
Екатерина Таранцева — слаломды есу (К-1, жекелей сын);
Александр Коробов — слаломды есу (К-1, жекелей сын);
Батырхан Төлеуғали — таеквондо WT (80 келіге дейінгі салмақ дәрежесі).
Шығыс Қазақстан облысы спортшыларының 2026 жылғы Азия ойындарындағы жоғары нәтижелері өңірдегі дене шынықтыру мен спорттың даму деңгейін және спортшылар мен бапкерлер құрамының кәсіби шеберлігін тағы бір мәрте дәлелдеді.









