
Алматы қаласының Туризм басқармасы туристермен тікелей жұмыс істейтін ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлеріне арналған жыл сайынғы оқыту бағдарламасын өткізуде.
Қазан айында өтетін оқыту тоғыз күнге жоспарланған. Қатысушылар қонақжайлылық пен қызмет көрсету стандарттарын, туристермен тиімді қарым-қатынас орнату тәсілдерін, шетелдік қонақтарға қызмет көрсету ерекшеліктерін, сондай-ақ күрделі жағдайларда дұрыс әрекет ету жолдарын меңгереді.
Бағдарламада тәжірибелік сабақтарға ерекше мән берілген. Қатысушылар туристік нысандарда, қоғамдық орындарда, көлікте және адам көп жиналатын жерлерде кездесетін нақты жағдайларды талдап, түрлі сценарийлерді пысықтайды.
Бұл жұмыс туристік ағын артып отырған кезеңде ерекше маңызға ие. Mastercard Tourism Insights деректеріне сәйкес, 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Алматыға әуе билеттерін брондау саны шамамен 1,2 млн-ға жетіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 8,5%-ға артқан.
Қызмет көрсету сапасын арттыру және қонақжайлылық мәдениетін дамыту – Алматының туристік әлеуетін нығайтудың маңызды бағыттарының бірі.








