Маңғыстау мен Корея медицина саласындағы ынтымақтастықты нығайтады

    Маңғыстау мен Корея медицина саласындағы ынтымақтастықты нығайтады

    Ақтау қаласында «ЖИ негізіндегі ақылды телемедицина: Корея Республикасы – Қазақстан» атты халықаралық симпозиум өтті. Іс-шара Қазақстан мен Корея Республикасы арасындағы денсаулық сақтау саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға, медициналық қызметке заманауи цифрлық технологияларды енгізуге және телемедицинаның мүмкіндіктерін кеңейтуге арналды.

    Симпозиумға Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай, ҚР Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов, Әулие Мария халықаралық клиникасының президенті Ко Дон Хён, денсаулық сақтау саласының басшылары мен сарапшылары, отандық және кореялық медициналық ұйымдардың өкілдері қатысты.

    Жиында денсаулық сақтау саласына жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды енгізу мәселелері талқыланды. Мамандар медициналық диагностикада ЖИ қолдану, радиологиялық зерттеулерді автоматтандыру, инсультті ерте анықтау, эндоскопия, офтальмология және жүрек-қантамыр ауруларының қаупін бағалау бағыттарындағы технологияларды таныстырды.

    Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай өңірде телемедицинаны дамытудың маңыздылығына тоқталды.

    – Мемлекет басшысы 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялап, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектіні ел дамуының стратегиялық бағыттарының бірі ретінде айқындады. Бұл технологияларды денсаулық сақтау саласына енгізу, ең алдымен, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталуы тиіс. Әсіресе шалғай елді мекендердегі тұрғындарға жоғары білікті медициналық көмекті уақытылы көрсету үшін телемедицинаның мүмкіндіктерін тиімді пайдалану маңызды, – деді Нұрдәулет Қилыбай.



    Іс-шара аясында қазақстандық және кореялық компаниялардың заманауи цифрлық медициналық технологияларының көрмесі ұйымдастырылды.

    Симпозиум бағдарламасы аясында телемедицина орталығының ресми ашылуы өтеді. Кореялық мамандар орталыққа қажетті медициналық және телемедициналық жабдықтарды табыстайды.

    Жаңа орталық арқылы Маңғыстау облысының медициналық ұйымдары мен шетелдік мамандар арасында қашықтан консультациялар өткізуге, күрделі клиникалық жағдайларды бірлесіп қарауға және тәжірибе алмасуға мүмкіндік туады.

    Сонымен қатар «Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасына» медициналық технологияларды дамытуға арналған жабдықтар табысталып, медициналық ұйымдар мен технологиялық компаниялар арасында B2B және B2G кездесулері өтеді.

    Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Маңғыстау облысының әкімдігі" жаңалықтары