
Әрқайсымыз лайықты демалысқа шыққанда төленетін зейнетақы көлемі қандай болатыны туралы ойланамыз. Естеріңізге сала кетейік, 2026 жылы зейнеткерлік жас ерлер үшін 63 жасты, ал әйелдер үшін 61 жасты құрайды. Бұл ретте Қазақстанда көпдеңгейлі жүйе жұмыс істейді және сіздің қорытынды төлеміңіз үш негізгі бөліктен құралатын болады.
- Мемлекеттік базалық зейнетақы
Бұны зейнеткерлік жасқа жеткен барлық азаматтар ерексіз алады, бірақ оның көлемі зейнетақы жүйесіне қатысудың жалпы өтіліне байланысты болады.
- Егер жұмыс өтілі 10 жылға дейін болса (немесе мүлдем жоқ болса), ең төменгі кепілдік — ең төменгі күнкөріс деңгейінің (КД) 70% беріледі, бұл 2026 жылы 35 596 теңгені құрайды.
- 10 жылдан асқан әрбір жұмыс жылы үшін 2% қосылып отырады.
- Жұмыс өтілі 34 жыл және одан көп болған жағдайда ең жоғары мөлшер — КД-нің 118% немесе 60 005 теңге төленеді. 2026 жылы ең төменгі күнкөріс деңгейі 50 851 теңгені құрайды.
- Ынтымақты зейнетақы
Тек 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін кемінде 6 ай еңбек өтілі бар адамдарға ғана тағайындалады.
- Көлемі 1998 жылға дейін жұмыс істеген жылдар санына және зейнеткерлікке шығар алдындағы кезеңдегі орташа айлық табысыңызға байланысты болады.
- Есептеу үшін 1998 жылғы 1 қаңтардан бастап қатарынан кез келген 3 жыл ішіндегі табыс ескеріледі.
- Ынтымақты зейнетақыны есептеу үшін 2026 жылы ең жоғары табыс шектеуі 55 АЕК -ті ( 237 875 теңге) құрайды. 2026 жылы айлық есептік көрсеткіш (АЕК) — 4325 теңге.
- Жинақтаушы зейнетақы📑
Бұл — Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы ( БЖЗҚ) жеке жинақтарыңыздан төленетін төлемдер. Салымдардың көлемі аударымдардың тұрақтылығына (10% міндетті зейнетақы жарналары (МЗЖ), жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналары (ЖМЗЖ) және ерікті салымдар) байланысты. Жеке шотыңызда ақша неғұрлым көп болса, қордан берілетін ай сайынғы төлемдер де соғұрлым жоғары болады.
Нақты соманы білудің ең оңай жолы
Барлық формулаларды қолмен есептеудің қажеті жоқ! Қордың ресми сайтында ыңғайлы БЖЗҚ-ның Болжамды зейнетақы калькуляторы қолжетімді.
Оны қалай пайдалануға болады:
- БЖЗҚ сайтындағы Жеке кабинетке немесе Egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы кіріңіз.
- Жүйе сіздің аударымдар өтіліңіз бен жинақ сомаңызды автоматты түрде жүктейді.
- 1998 жылға дейінгі жұмыс өтіліңізді енгізіңіз (егер бар болса).
- «Есептеу» батырмасын басып, зейнеткерлік жасқа жеткенге дейінгі төлемдердің егжей-тегжейлі болжамын алыңыз.
Барлық құжаттарды уақытында жаңартып үлгеру үшін, жинақтарыңыз бен ресми жұмыс өтіліңізді алдын ала — лайықты демалысқа шығудан кем дегенде бір жыл бұрын тексеруді ұсынамыз.







