
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті жұмыс берушілердің назарын Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіндегі (ЕШЕАБЖ) еңбек шарттары туралы мәліметтерді уақтылы тексеру және өзектендіру қажеттігіне аударады. Бүгінде ЕШЕАБЖ-да шамамен 6,9 млн қолданыстағы еңбек шарты туралы мәліметтер қамтылған. Жұмыс берушілерге енгізілген ақпараттың толықтығы мен дұрыстығын, оның ішінде қызметкер, лауазымы, еңбек шартының мерзімі, ауыстырулар, еңбек жағдайларының өзгеруі және еңбек қатынастарының тоқтатылуы туралы мәліметтерді тексеру ұсынылады. ЕШЕАБЖ-дағы өзекті мәліметтер қызметкерлердің еңбек қызметі туралы деректердің дұрыстығын қамтамасыз етуге және ақпараттық жүйелердегі сәйкессіздіктер санын азайтуға мүмкіндік береді. Заңнамада мынадай жағдайлар үшін әкімшілік жауапкершілік көзделгенін еске саламыз: ЕШЕАБЖ-ға ақпаратты енгізбеу не белгіленген мерзімдерде уақтылы енгізбеу; ақпаратты толық көлемде енгізбеу; ЕШЕАБЖ-ға анық емес және (немесе) қате ақпарат енгізу. Жұмыс берушілерге ЕШЕАБЖ-дағы мәліметтерді тұрақты түрде тексеріп, оларды уақтылы өзектендіруді ұсынамыз. ЕШЕАБЖ-дағы еңбек шарттары туралы мәліметтерді қазірден тексеріңіз — деректер толық, өзекті және дұрыс болуы тиіс.







