
Осакаров ауданында ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер елді мекендердің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға және абаттандыруға белсенді атсалысуда. Аграрлық кәсіпорындармен жалпы сомасы 865 млн теңгеге ынтымақтастық және әлеуметтік әріптестік туралы 16 меморандум жасалды.
Келісімдер аясында мектептер мен ауылдық мәдениет үйлерін жөндеу және жабдықтау, қоғамдық аумақтарды абаттандыру, жолдарды жөндеу, балалар және спорт алаңдарын салу, көшелерді жарықтандыру жүйесін жаңғырту және басқа да әлеуметтік маңызы бар жобаларды жүзеге асыру көзделген.
Атап айтқанда, Қарағайлы және Садовое ауылдарындағы ауылішілік және кірме жолдарды жөндеу, Қарағайлы ауылындағы саябақты және Садовое ауылындағы тың игерушілер аллеясын абаттандыру жоспарланған. Бірқатар елді мекенде көпфункционалды спорт және балалар ойын алаңдарын салу қарастырылған.
Қаражаттың едәуір бөлігі білім беру саласын дамытуға бағытталған. Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мектептерді заманауи информатика, химия, физика және биология кабинеттерімен жабдықтауға, шағын орталықтарға қажетті жиһаздар мен құрал-жабдықтар сатып алуға, мектеп ғимараттарын жөндеуге және олардың аумақтарын абаттандыруға қатысуда.
Меморандумдар аясында жоспарланған жобалардың бір бөлігі қазірдің өзінде жүзеге асырылды.
Мәселен, Есіл ауылында «Жатва ВВ» ЖШС ауылдық Мәдениет үйінің шатырын күрделі жөндеуден өткізді. Сонымен қатар меморандум аясында ғимаратқа блокты-модульді қазандық орнату және мәдениет мекемесіне қажетті жиһаз сатып алу көзделген.
— Облыс және аудан басшылығы бізге мүмкіндігінше жөндеу жұмыстарына қатысуды ұсынды. Біз қажетті қаражатты тауып, шатырға күрделі жөндеу жасадық: бөренелерін ауыстырып, профильді қаңылтыр (профлист) төседік. Бүгін сыртта қар жауып тұр, ал ғимарат іші құрғақ әрі жылы. Біз өз тарапымыздан ауылымыздың әдемі, жайлы әрі қолайлы болуы үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тырысамыз, — деді «Жатва ВВ» ЖШС басшысы Виталий Ямковой.
Осакаров кентінде «Рассвет» ЖШС өз қаражаты есебінен ұзындығы 640 метр жол учаскесіне асфальт төседі.
— Ұзындығы 640 метр жол учаскесін асфальттау жұмыстары кәсіпорынның өз қаражаты есебінен жүргізілді. Жұмыстың барлық кезеңі орындалды: алдымен жолдың негізі дайындалып, қиыршық тас төселді, жол төсемі тегістелді. Содан кейін асфальт төселіп, нығыздалды, — деді «Рассвет» ЖШС басшысы Виталий Ранерт.
Жасалған меморандумдар аясындағы жобаларды жүзеге асыру жалғасуда. Келісімдер Осакаров ауданының ауылдық аумақтарын дамытудың негізгі бағыттарын, атап айтқанда, білім беру, мәдениет, жол инфрақұрылымы, спорт және елді мекендерді абаттандыру салаларын қамтиды.








