
Төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов Алматыдағы №19 мамандандырылған өрт сөндіру бөліміне барып, жаңғырту жұмыстарының нәтижелерімен танысты. Бөлім Алатау ауданының солтүстік-батыс бөлігінің, оның ішінде тұрғын алаптар, Индустриялық аймақ және №2 ЖЭО аумағының өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. ТЖМ басшысы жүргізілген жұмыстардың нәтижесін және жеке құрамның қызмет атқару жағдайларын көрді.
Өрт сөндіру бөлімінде қызметтік және тұрмыстық бөлмелер, жатын бөлмелер, дәліздер, гараж боксы мен ғимараттың қасбеті жөнделіп, қабырғалар, төбелер мен жарықтандыру жүйесі жаңартылды. Оқу сыныбы кеңейтіліп, спорт залы ретке келтірілді және психологиялық жеңілдеу бөлмесі жабдықталды. Бөлімшенің шақырту кезінде жедел өзара іс-қимылын қамтамасыз ететін байланыс пунктінде күрделі жөндеу жүргізілді.
Сапар барысында Мұрат Мұхановқа өрт сөндіру бөлімінің маңында болашақта бой көтеретін спорт кешенінің жобасы таныстырылды. Бөлімде балалармен жұмысқа да көңіл бөлінеді. Мұнда балалар командасы жұмыс істеп, оның мүшелері өрт сөндіру-құтқару бағыты бойынша білім алып, командалық жұмыс пен дене дайындығын дамытады.
Бөлімнің жауапкершілік аймағына Саялы-1, Саялы-2, Томирис, Мәдениет, 71-разъезд шағын аудандары, Индустриялық аймақ және №2 ЖЭО аумағы кіреді. Мұнда шамамен 21 мың адам тұрады және 785 бизнес субъектісі орналасқан. Ерекше көзге түскен қызметкерлерге Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің Алғыс хаттары табысталды. Іс-шара соңында өрт сөндіру бөлімінің аумағына ағаштар отырғызылды.








