
Саясат Нұрбек Халықаралық қазақ-түрік университетінің Өкілетті кеңесінің төрағасымен кездесті
ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің Өкілетті кеңесінің төрағасы Хүсейін Караманмен кездесті.
Кездесу барысында Саясат Нұрбек Қазақстанның жоғары білім мен ғылым саласындағы негізгі жетістіктерін таныстырып, отандық жоғары білім беру жүйесінің халықаралық тартымдылығын арттыру бағытында жүзеге асырылып жатқан жүйелі шараларға тоқталды. Қазақстанды Орталық Азиядағы академиялық орталық ретінде дамытуға және халықаралық білім беру ынтымақтастығын кеңейтуге ерекше назар аударылды.
Министр халықаралық серіктестіктің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, Қазақстанда жетекші шетелдік жоғары оқу орындары филиалдарының ашылуы, академиялық ұтқырлықтың кеңеюі, сондай-ақ бірлескен білім беру және ғылыми бағдарламалардың іске асырылуы туралы айтты.
Тараптар Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетін одан әрі дамыту мәселелерін, сондай-ақ студенттерді университетте білім алуға дайындау мақсатында тілдік Foundation бағдарламасын құру мүмкіндігін жеке талқылады.
Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті – Қазақстан мен Түркияның бірлескен маңызды білім беру жобаларының бірі. Университет екі елдің академиялық дәстүрлерін ұштастыра отырып, кең ауқымды бағыттар бойынша мамандар даярлайды және халықаралық ғылыми-білім беру ынтымақтастығын дамытып келеді.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар жоғары білім мен ғылым саласындағы Қазақстан-Түркия ынтымақтастығын одан әрі нығайтудың, сондай-ақ университетті халықаралық академиялық алаң ретінде дамытудың маңызын атап өтті.









