Павлодарлық педагог Минск қаласында өткен халықаралық фестивальде жүлдеге ие болды

    Павлодарлық педагог Минск қаласында өткен халықаралық фестивальде жүлдеге ие болды

    Павлодар облысының педагогі халықаралық деңгейдегі кәсіби байқауда жүлделі орынға ие болды. «Жас ұрпақ» педагог-психологі Римма Абигузина ТМД елдері мұғалімдері мен білім беру саласы қызметкерлерінің IX съезі аясында өткен IV Халықаралық педагогикалық шеберлік фестивалінде ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.

    2026 жылғы 1–2 қазанда Беларусь Республикасының Минск қаласында ұйымдастырылған фестивальдің күндізгі кезеңіне ТМД елдерінен білім беру саласының мамандары қатысты. Қазақстанның ұлттық делегациясы құрамында Павлодар облысының намысын қорғаған Римма Нургалиевна «Психолог/әлеуметтік педагог» номинациясында бақ сынады.

    Байқауда педагог жасөспірімдердің эмоционалдық интеллектісін дамытуға бағытталған «Эмоционалдық компас» авторлық бағдарламасын таныстырды. Жоба 16–17 жастағы Жасөспірімдер үйінің тәрбиеленушілерімен жұмыс барысында жүзеге асырылуда.

    Бағдарлама жасөспірімдердің өз эмоцияларын түсінуі мен басқаруына, өзін-өзі реттеу дағдыларын қалыптастыруға және қоғамға табысты бейімделуіне бағытталған. Педагог ұсынған практикалық тәжірибе халықаралық сарапшылардың жоғары бағасына ие болып, нәтижесінде Римма Абигузина ІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.

    Бұл жетістік – педагогтің кәсіби ізденісі мен авторлық тәжірибесінің халықаралық деңгейде мойындалуының көрінісі. Сонымен қатар Павлодар облысы педагогтерінің заманауи білім беру тәсілдерін меңгеріп, озық тәжірибені халықаралық кәсіби алаңда таныстырып жүргенін көрсетеді.

    Әріптесімізді халықаралық фестивальдегі лайықты жетістігімен құттықтаймыз! Кәсіби ізденісіне табыс, жаңа жобаларына сәттілік және биік белестер тілейміз!

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    ""Павлодар облысының білім беру басқармасы" мемлекеттік мекемесі" жаңалықтары