Қазақстанның басқа елдермен салық конвенциялары: әрбір азаматқа не білу маңызды

    Қазақстанның басқа елдермен салық конвенциялары: әрбір азаматқа не білу маңызды

    Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Қазақстан Республикасының азаматтарын халықаралық салық конвенцияларының маңызы туралы хабардар етеді.

    Қазақстан Республикасы шетел мемлекеттерімен кірістер мен капиталға салынатын салықтар бойынша қосарланған салық салуды болдырмау және салық төлеуден жалтарудың алдын алу туралы 55 конвенция (келісім) жасасқан. Бұл шарттар Қазақстан Республикасының заңнамасына және халықаралық құқық нормаларына сәйкес қолданылады.

    Конвенциялардың мақсаты — азаматтың немесе ұйымның бір ғана кірісіне Қазақстанда да, басқа елде де екі рет салық салынбауы. Шарттар кіріске қай мемлекетте салық салынатынын, қандай жағдайда төлем көзінен салықтың төмендетілген мөлшерлемесі қолданылатынын және шетелде төленген салықтың қалай есептелетінін айқындайды.

    Конвенциялар тек ірі компанияларға ғана емес, қарапайым азаматтарға да қатысты. Егер адам:

    - шетелде жұмыс істесе немесе қызмет көрсетсе;

    - шетелдік көзден жалақы, қаламақы, зейнетақы, дивиденд, пайыз немесе роялти алса;

    - басқа елде мүлікке немесе бизнеске ие болса;

    - Қазақстанның салық резиденті болып, шетелдік кірісі болса —

    онда бұл шарттар тікелей маңызды.

    Қазақстанның салық резиденттері үшін шетелде төленген салықты есепке алу көзделген. Әдетте шетелдік салық органы берген немесе куәландырған, кіріс пен төленген салықтар туралы легализацияланған (апостиль қойылған) анықтама және қазақ немесе орыс тіліне нотариалды куәландырылған аударма қажет. Құжаттар жылдық салық декларациясын тапсыру мерзіміне дейін дайын болуы тиіс.

    Конвенция бойынша жеңілдікті қолдану үшін, әдетте, салық резиденттігін растау керек. Шетел мемлекетінің резиденті Қазақстандағы салық агентіне резиденттік сертификатын ұсынады.

    Қазақстан салық базасын құртуға және пайданы салық салудан шығаруға қарсы іс-қимыл мақсатында салық келісімдеріне қатысты шараларды іске асыру жөніндегі Көпжақты конвенцияға (MLI) қатысады. Бірқатар келісімдер бойынша MLI ережелерін ескеретін біріктірілген (синтезделген) мәтіндер қолданылады. Сонымен қатар Қазақстан Республикасы салық істері бойынша өзара әкімшілік көмек туралы Конвенцияға (Страсбург конвенциясы) қосылған. Бұл қатысушы елдердің салық органдары арасында ақпарат алмасуды күшейтеді.

    Конвенциялардың ресми мәтіндері, MLI ескеретін біріктірілген мәтіндер, түсіндірмелер және өзекті мәліметтер Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің интернет-ресурсында орналастырылған: kgd.gov.kz (халықаралық шарттар және бейрезиденттерді салық салу бөлімдері).

    Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті еске салады: нақты конвенцияны қолдану кіріс көзінің еліне, кіріс түріне, резиденттік мәртебесіне және құжаттарға байланысты. Сұрақ туындаған жағдайда азаматтар тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кірістер органдарына, байланыс орталығына немесе салық органдарының электрондық сервистері арқылы жүгіне алады.

    Халықаралық салық шарттарын сақтау азаматтардың құқықтарын қорғайды, қосарланған салық салу қаупін төмендетеді және халықаралық қаржы операцияларының ашықтығына ықпал етеді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің Маңғыстау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті" жаңалықтары