Жетісу облысында жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі төмендеуде

    Жетісу облысында жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі төмендеуде

    Жетісу облысында жастарды жұмыспен қамту, кәсіби бағдарлау және мемлекеттік қолдау шараларына тарту бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасуда. «Отбасының цифрлық картасы» деректеріне сәйкес, жыл басынан бері өңірдегі NEET санатындағы жастардың саны 61%-ға – 7 219 адамнан 2 792 адамға дейін қысқарды. Бұл нәтижеге мемлекеттік органдардың, мансап орталықтарының және жастар ұйымдарының атаулы жұмыстарының арқасында қол жеткізілді. Өңірде 14 пен 35 жас аралығында 186 мыңнан астам жас тұрады. Оның 100 мыңнан астамы ауылдық жерлерде. Осыған байланысты жастарға тұрғылықты жеріне қарамастан мемлекеттік қолдау шараларының қолжетімділігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінуде. Жастарды қолдаудың тиімді құралдарының бірі – Талдықорған қаласында жұмыс істейтін «Jastar INFO» консультациялық пункті. Мұнда жастар бос жұмыс орындары, мемлекеттік қолдау шаралары, білім алу және жеке кәсіп ашу мүмкіндіктері туралы қажетті ақпарат ала алады. Пунктке күн сайын орта есеппен 6 - 7 жас келеді. Қазіргі таңда NEET санатындағы жастар үшін 263 бос жұмыс орны ұсынылған.

    Атқарылып жатқан жұмыстардың нәтижесін жастардың нақты мысалдарынан көруге болады. Мәселен, жас кәсіпкер Анель Елубаева «Тәуелсіздік ұрпақтары» жобасы аясында 3 млн теңге көлемінде қайтарымсыз грант алып, Талдықорған қаласында балалардың концерттік костюмдерін, киімдерін және ұлттық нақыштағы бұйымдарды тігу және жалға беру бойынша кәсібін ашқан.

    Жастарды мамандығына сәйкес жұмыспен қамту бағытында да нақты нәтижелер бар. Нурила Нурбол жоғары оқу орнын аяқтағаннан кейін қалалық Мансап орталығына жүгініп, бір ай ішінде «Жетісу» телеарнасына жұмысқа орналасты. Ал Алмаз Токтасын «Jastar INFO» консультациялық пунктіне жүгініп, тиісті бос жұмыс орны туралы ақпарат алып, қазіргі уақытта мемлекеттік мекемеде жүргізуші болып ресми жұмыс істеп жүр.

    Жастар кәсіпкерлігін қолдау да маңызды бағыттардың бірі. Өткен жылы «Тәуелсіздік ұрпақтары» гранты аясында 10 жобаға қолдау көрсетілді. Олардың қатарында сүт өңдеу, балалар киімін тігу, ұлттық нақыштағы бұйымдар жасау, балық шаруашылығын және агроэкотуризмді дамыту жобалары бар. Гранттардың жалпы сомасы 30 млн теңгені құрады. Биыл бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 38 млн теңге бөлініп, жобаларды конкурстық іріктеу жүргізілуде.

    Жастарды жұмыспен қамтуда Талдықорған қаласының Мансап орталығының жұмысы да маңызды. Биыл жастар орталықтарымен бірлесіп 380 жасты жұмыспен қамту жоспарланған. Тоғыз айдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 60%-дан асты.

    Сонымен қатар, өңірде жұмыс берушілермен жұмыс орындарын ұсыну бойынша 100 меморандум жасалды. «Жасыл ел» еңбек жасақтары арқылы 635 жас маусымдық жұмыспен қамтылды. Бұл бағытқа облыстық бюджеттен 87,1 млн теңге бөлінді.

    «Qosyl» кешенді жобасы, «Jastar INFO» консультациялық пункті және NEET санатындағы жастармен жұмыс жөніндегі орталықтың бірлескен жұмысы аясында 7 мыңға жуық жас ақпараттық-консультациялық қолдаумен қамтылды. 240 бос жұмыс орындары жәрмеңкесі өткізілді. Нәтижесінде 1 963 жас оқытылып, жұмыспен қамтудың түрлі шараларына тартылды. Оның ішінде 1 306 жас жұмысқа орналастырылды.

    Жастармен жұмысты жүйелеу мақсатында цифрлық тәсілдер де енгізілуде. Облыста «FSM Social» ақпараттық жүйесін енгізу жұмыстары жүргізілуде. Жүйе NEET санатындағы жастарды бірыңғай есепке алуға және қабылданып жатқан шараларға тұрақты мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта жүйеге 2 792 жастың деректері енгізілуде.

    Әрбір жас бойынша оның әлеуметтік мәртебесі нақтыланып, жұмыспен қамту, оқыту және мемлекеттік қолдау бағдарламаларына тарту бойынша тиісті шаралар айқындалады. Бұл жастармен атаулы жұмысты күшейтіп, қажетті көмекті уақытылы көрсетуге мүмкіндік береді.

    Осылайша, NEET санатындағы жастар санының азаюы – жай ғана статистикалық көрсеткіш емес, әрбір жаспен жүргізілген нақты жұмыстың нәтижесі. Негізгі міндет – жастарға жұмысқа орналасу, білім алу, мамандық меңгеру және өз кәсібін дамыту мүмкіндіктерін ұсыну арқылы олардың әлеуетін іске асыруға жағдай жасау.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Жетісу облысының ішкі саясат басқармасы" жаңалықтары