
⚜️ Ордабасы ауданында Ұстаздар күніне орай білім саласының қызметкерлері мен ардагер ұстаздарға арналған «Ұстазға құрмет – ұрпаққа өнеге» атты салтанатты іс-шара өтті.
⚜️ Аудандық Мәдениет үйінде өткен мерекелік кешке аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бақдаулет Жұмабеков, аудан прокуроры Жасұлан, кәсіподақ төрағасы Бақыт Сейітжаппарұлы, білім саласының ардагерлері, мектеп директорлары мен ұстаздар, сондай-ақ білім беру саласының үздік қызметкерлері қатысты.
⚜️ Мерекелік шараның шымылдығы ұстаздарға арналған арнайы бейнероликпен ашылды. Онда өңірдің білікті басшылары мен елге танымал тұлғалардың ұстаздар қауымына жолдаған ақжарма тілектері көрсетілді.
⚜️ Кеш барысында «Ұстаздар бейнесі» көрмесі ұйымдастырылып, өнер мектебінің домбырашылары күй орындады. Ұстаздардан құралған хор ұжымы да мерекелік ән шырқап, көрерменге ерекше көңіл күй сыйлады.
⚜️Салтанатты жиында аудан әкімі Азат Оралбаев білім саласының барша қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, ұстаз еңбегінің қоғамдағы айрықша орнына тоқталды.
— Ұстаз – ұлттың болашағын тәрбиелейтін ұлы мамандық иесі. Сіздер шәкіртке білім беріп қана қоймай, оның бойына адамгершілік, отансүйгіштік, жауапкершілік пен еңбекқорлық секілді асыл қасиеттерді сіңіресіздер. Әр баланың жүрегіне жол тауып, оның болашағына бағыт-бағдар беру – үлкен жауапкершілік әрі зор еңбек. Сондықтан ұстазға көрсетілген құрмет – білімге, ұрпаққа, елдің ертеңіне көрсетілген құрмет, — деді аудан әкімі.
Аудан басшысы білім саласына көрсетіліп отырған мемлекеттік қолдаудың маңызына да тоқталды.
Бүгінде Ордабасы ауданында білім беру нысандарының материалдық-техникалық базасын жаңарту, мектептердің жағдайын жақсарту және оқушылар үшін қауіпсіз әрі қолайлы орта қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Биыл облыстық бюджет есебінен үш жалпы орта мектеп пайдалануға беріліп, алты мектепте ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар білім ошақтарының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 450 млн теңге бөлінді.
Білім беру ұйымдарында оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бейнебақылау, дабыл жүйелері орнатылып, тиісті қауіпсіздік жүйелері полицияның жедел басқару орталығымен интеграцияланды.
⚜️Мерекелік жиында аудандық мәслихат төрағасы Бақдаулет Жұмабеков ұстаздар қауымын кәсіби мерекелерімен құттықтап, білім мен тәрбие жолындағы еңбектеріне алғыс білдірді. Өз кезегінде кәсіподақ төрағасы Бақыт Сейітжаппарұлы да ұстаздарға ізгі тілегін жеткізіп, бірқатар педагогтерді марапаттады.
⚜️Мерекелік шараның ең маңызды бөлігінің бірі – білім саласында еселі еңбек етіп жүрген ұстаздарды марапаттау рәсімі болды. Бірқатар педагогтерге Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгі, «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі, сондай-ақ Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттар табысталды.
⚜️Ұстаздық жолды өмірінің мәніне айналдырған ардагерлер де назардан тыс қалмады. Ауданның Құрметті азаматы, білім саласының ардагері Замира Маханава ұстаздар қауымына ақжарма тілегін айтып, жас мамандарға өзінің жүрекжарды батасын берді.
— Ұстаздық – жүрекпен таңдалатын мамандық. Ұрпақ тәрбиесіне ғұмырыңызды арнаған әрбір ұстаздың еңбегі елдің ертеңіне қосылған үлес деп білемін. Баршаңызға шәкірттеріңіздің жетістігін көріп, еңбектеріңіздің жемісін көруге жазсын, — деді ардагер ұстаз.
⚜️ Туған жерден түлеген өнерпаздар ұстаздарға ізгі тілектерін арнап, әннен шашу шашты.
Сондай-ақ «Шаншар» театрының өнерпаздары ұстаздар қауымына арнап әзіл мен әуенді астастырған өнер көрсетіп, көрерменнің көңілін көтерді. Шымкент қаласындағы Ж.Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының ұжымы арнайы қойылым ұсынып, мерекелік кештің мазмұнын байыта түсті.
⚜️Мерекелік шара соңында ұстаздарға зор денсаулық, отбасыларына амандық, шығармашылық ізденіс пен кәсіби табыс тілектері айтылып, кеш көтеріңкі көңіл күймен қорытындыланды.
Ордабасы ауданы әкімінің баспасөз қызме









