
Бүгін Сарыағаш аудандық мәдениет үйінде Ұстаздар күніне орай «Ұстазға құрмет – ұрпаққа өнеге» атты салтанатты жиын өтті. Мерекелік шара барысында білім беру саласының қызметкерлері мен ардагер ұстаздарға құрмет көрсетілді.
Салтанатты жиынға Сарыағаш ауданының әкімі Арман Абдуллаев арнайы қатысып, барша ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтады.
Өз сөзінде аудан әкімі ұстаздардың жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі еңбегінің маңыздылығына тоқталып, олардың қоғамдағы айрықша рөлін атап өтті.
Мерекелік шараға аудандық мәслихат төрағасы Рысбек Асылбекұлы, аудандық білім бөлімінің басшысы Айсулу Қалдықараева, аудандық мәслихат депутаттары, ардагер ұстаздар, білім беру ұйымдарының басшылары мен өкілдері қатысты.
Мерекелік жиын барысында бірқатар ұстаздар мен білім саласының қызметкерлері аудан әкімінің алғыс хаттарымен және марапаттармен марапатталды.
Сонымен қатар, қатысушыларға концерттік бағдарлама ұсынылып, шығармашылық ұжымдар мен өнерпаздар тарапынан өнер көрсетілді.
Ұстаз – ұрпаққа білім беріп қана қоймай, елдің болашағын қалыптастыратын ұлы тұлға. Сондықтан еңбегі ерен ұстаздарға құрмет көрсету – баршаға ортақ парыз.
Сарыағаш ауданы әкімінің баспасөз қызметі









