«102»-ге 926 хабарлама: ШҚО полициясы демалыс орындарына талдау жасады

    «102»-ге 926 хабарлама: ШҚО полициясы демалыс орындарына талдау жасады

    «102»-ге 926 хабарлама: ШҚО полициясы демалыс орындарына талдау жасады

    Шығыс Қазақстан облысы Полиция департаментінде 2026 жылдың тоғыз айында Өскемен қаласындағы ойын-сауық орындарынан «102» арнасына келіп түскен хабарламаларға талдау жүргізілді.

    Барлығы 926 хабарлама тіркелген. Шақыртулардың ең көбі «Сибинка» кафесінен – 42, «Bike Club» түнгі клубынан – 40 және «Soprano» караоке-барынан – 30 хабарлама түскен.

    Олардың басым бөлігі қоғамдық тәртіптің бұзылуына қатысты. Шақыртулардың жиі кездесетін себептері қатарында тыныштықты бұзу, ұсақ бұзақылық, келушілер арасындағы жанжалдар және белгіленген тәртіпті бұзудың өзге де фактілері бар.

    Келіп түскен хабарламалар бойынша полиция қызметкерлері оқиға орнына барып, мән-жайды анықтап, заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылдайды.

    30 хабарлама бойынша қылмыстық құқық бұзушылықтар тіркелген. Олардың барлығы ашылды. Оның ішінде 10 бұзақылық, 6 ұрлық, сондай-ақ тонау, алаяқтық, бөтеннің мүлкін қасақана бүлдіру және өз бетінше әрекет ету фактілері бар.

    Полиция «102» арнасына келіп түсетін ақпаратты жедел жағдайды талдау және профилактикалық жұмыс жүргізу үшін пайдаланады. Ойын-сауық орындарының өкілдерімен кездесулер өткізіліп, заң талаптарын сақтау және жанжалдардың алдын алу мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.

    Полиция азаматтарды өздерінің мінез-құлқы мен қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады. Жанжалға араласпау, агрессияға итермелейтін әрекеттерге жол бермеу және қауіп төндіруі мүмкін жағдайда қалмау қажет. Қауіп туындаған кезде дер кезінде «102» нөміріне хабарласқан жөн.

    Қауіпсіз демалыс – баршаға ортақ жауапкершілік. Тәртіп сақтау және бір-біріне құрметпен қарау жанжалдар мен олардың ауыр салдарының алдын алуға көмектеседі.

    ШҚО ПД баспасөз қызметі

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті" жаңалықтары