
ШЫМКЕНТТЕ ТІЛЕНШИН КӨШЕСІНДЕГІ ЖАҢА АВТОКӨЛІК ӨТКЕЛІ АШЫЛДЫ
Бүгін Шымкент қаласының Тіленшин көшесінде теміржол үстінен салынған жаңа автокөлік өткелі техникалық тұрғыда ашылып, көлік қозғалысы іске қосылды.
Нысанның ашылуына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері және жақын маңдағы елді мекендердің тұрғындары қатысты. Тіленшин көшесіндегі теміржол учаскесі арқылы тәулігіне орта есеппен 59 пойыз өтеді. Бұған дейін пойыздардың қозғалысына байланысты теміржол өткелі 10–20 минутқа жабылып, көлік қозғалысының баяулауына және кептелістердің қалыптасуына себеп болатын. Жаңа автокөлік өткелінің іске қосылуы автомобиль және теміржол қозғалысын бір-бірінен бөліп, көліктің үздіксіз әрі қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Шымкент қаласының көлік инфрақұрылымын дамыту жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында жүзеге асырылуда. Тіленшин көшесіндегі өткел – биыл техникалық тұрғыда іске қосылған екінші автокөлік өткелі. Қаңтар айында Момынов көшесіндегі жаңа автокөлік өткелі пайдалануға берілген болатын.
Қазіргі уақытта өткел аумағын абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Жаңа нысанның іске қосылуы іргелес көшелердегі көлік қозғалысын жақсартып, тұрғындардың жол жүру уақытын қысқартуға және қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді..







