
Ұстаздар күні қарсаңында кәсіби еңбегімен шәкірттеріне бағыт-бағдар беріп, қиын сәтте азаматтық батылдығымен көпке үлгі болған Павлодар облысының ұстазы Мария Бедринаның есімі ерекше аталады.
Тереңкөл ауданы Песчаное ауылындағы №1 жалпы орта білім беретін мектептің информатика пәнінің мұғалімі Мария Бедрина – 26 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі педагог. Ұстаздық жолында білім берумен қатар, оқушылардың пәнге қызығушылығын арттырып, оларды олимпиадалар мен зияткерлік байқауларға дайындап келеді.
Мария Николаевна биылғы қатты боран кезінде Павлодар–Ақсу тасжолында көліктер колоннасына көмек көрсетіп, ерлігімен ерекшеленді. Көріну мүмкіндігі нөлге жуықтаған сәтте ол көлігінен түсіп, шамамен төрт шақырым бойы колоннаның алдында жаяу жүріп, жүргізушілерге жол көрсетті. Осылайша көліктердің қауіпті учаскеден қауіпсіз өтуіне ықпал етті.
Ең ерекше тұсы – Мария Бедрина сол күні Павлодарға перзентханадан қызын және жаңа туған немересін алып қайту үшін жолға шыққан болатын. Алайда қиын жағдайға тап болған адамдарды көріп, көмекке келуді жөн санаған.
Педагогтің еңбегі жоғары бағаланып, ҚР Оқу-ағарту министрлігінде өткен салтанатты жиында оған «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісі табысталды.
Мария Бедринаның кәсіби жетістіктері де аз емес. Оның шәкірттері «Ақбота», «Бебрас», «Зерде» секілді республикалық және облыстық байқауларда жүлделі орындарға ие болды. 2025 жылы педагогтің өзі облыстық «Педагогикалық шеберлік» байқауында ІІ дәрежелі жүлдегер атанды. Сондай-ақ үш педагогтен құралған авторлық топ құрамында 5-сыныпқа арналған математика пәні бойынша әдістемелік құрал әзірледі. Педагог-зерттеуші біліктілік санатына ие.
Бүгінде Мария Бедрина ұстаздық қызметін жалғастырып, шәкірттеріне білім беріп келеді. Оның боранды күндегі әрекеті ұстаздық еңбектің тек білім берумен шектелмейтінін, оның артында адамға деген жанашырлық пен жауапкершілік те тұрғанын көрсетті.









