
Ұстаздар күні қарсаңында Павлодар облысы Железин ауданының Прииртышск ауылындағы Т.П. Праслов атындағы жалпы орта білім беретін мектептің биология және химия пәндерінің мұғалімі Аксенюк Вера Викторовна жоғары марапатқа ие болды.
Тәжірибелі педагог Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің «Білім беру саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Бұл – ұстаздың білім беру саласын дамытуға қосқан елеулі үлесі, кәсіби шеберлігі мен педагогикалық қызметтегі жоғары нәтижелеріне берілген лайықты баға.
Вера Викторовна ұзақ жылдар бойы шәкірттерге сапалы білім беріп, олардың пәнге деген қызығушылығын арттыруға, ғылыми ізденісіне жол ашуға және жан-жақты дамуына бағыт-бағдар беріп келеді. Ұстаздың әр сабағы оқушының білімін тереңдетумен қатар, қоршаған ортаны танып-білуге, зерттеуге және ізденуге деген ынтасын қалыптастыруға бағытталған.
Педагогтің кәсіби тәжірибесі мен шәкірттерге деген жауапкершілігі білім сапасын арттыруға, жас ұрпақтың бойына білім мен еңбекқорлық құндылықтарын сіңіруге зор үлес қосып келеді.
«Білім беру саласының үздігі» төсбелгісі – Вера Викторовнаның ұстаздық жолдағы көп жылғы еңбегі мен кәсіби жетістіктерінің лайықты жемісі. Мәртебелі марапат ұлағатты ұстаздың еңбегіне көрсетілген құрметтің айқын көрінісі.









