
Алматыда ҚР ІІМ Ұлттық ұланының «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының тарихы бастау алатын 5449 әскери бөлімінің құрылғанына 60 жыл толуына арналған салтанатты іс-шара өтті.
Алпыс жыл ішінде әскери бөлім бірнеше рет қайта құрылып, оның атауы мен құрылымы өзгерді. Алайда әскери борышқа адалдық пен жүктелген міндеттерді орындауға әзірлік секілді басты ұстанымдар өзгерген жоқ.
Мерекелік іс-шараға өңірлік қолбасшылықтың әскери қызметшілері, ардагерлер мен арнайы шақырылған қонақтар қатысты.
Салтанатты жиында Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Аңсаған Балтабеков әскери қызметшілерді мерейтоймен құттықтады.
Ол әр жылдары қызмет атқарған әскери қызметшілердің еңбегін атап өтіп, қызмет дәстүрлері мен сабақтастықты сақтаудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ жеке құрамға қызметтік міндеттерін атқаруда табыс тіледі.
Салтанатты шарада құқықтық тәртіп әскерінің әскери қызметшілері мен ардагерлеріне бөлім тарихына қосқан үлесі үшін грамоталар, төсбелгілер және естелік сыйлықтар табысталды.
Қатысушыларға арналған мерекелік тарту ретінде Ән-би ансамбль «Ұлттық ұлан – ел айбыны» атты концерттік бағдарлама ұсынды.
Концерт барысында Ұлттық ұлан қызметінің маңызын дәріптейтін, Отан қорғаушыларға арналған әндер шырқалды.
Мерейтой әр жылдары қызмет атқарған әскери қызметшілерді бір арнаға тоғыстырды. Олар бөлімнің қалыптасу тарихын еске алып, әскери қызмет жолындағы дәстүрлер сабақтастығына тоқталды. Бүгінде осы дәстүрді жаңа буын әскери қызметшілері лайықты жалғастырып келеді.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланының баспасөз қызметі







