Павлодар облысының ұстаздарына мемлекеттік және өңірлік наградалар табысталды

    Павлодар облысының ұстаздарына мемлекеттік және өңірлік наградалар табысталды

    5 қазанда Қазақстанда Дүниежүзілік ұстаздар күні аталып өтеді. Павлодар облысында кәсіби мерекені күн сайын өскелең ұрпаққа білім мен тәрбие беруге өз үлесін қосып жүрген 22 мыңнан астам педагог атап өтуде.

    Облыс әкімі Асайын Байханов өңір ұстаздарын кәсіби мерекелерімен құттықтады.

    - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Ұлттың болашағы - ұстаздың қолында», «Ұстаз - ұлттың шамшырағы», - деп атап өтті. Бұл сөздердің астарында терең мағына мен ең маңызды мамандықтардың біріне деген зор құрмет жатыр. Замана ағымы қанша өзгерсе де, балаларымызға бағыт-бағдар беріп, қолдау көрсететін ұстаздың орны әрдайым ерекше. Бүгінгі оқушылар - еліміздің болашағы, оның білікті мамандары, жасампаздары мен көшбасшылары. Сіздердің әрқайсыңызға басымды иіп, қажырлы еңбектеріңіз үшін шынайы алғысымды білдіремін, - деді өңір басшысы.

    Павлодар облысында ұстаздардың кәсіби қызмет атқаруына және балалардың сапалы білім алуына жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Білім беру саласын қаржыландыру өңірдегі басым шығыстардың үштігіне кіреді. Биыл бұл салаға 250 млрд теңгеден астам қаржы бағытталды.

    Орта білім беру нысандары, оның ішінде шалғайдағы ауылдық елді мекендердегі мектептер де 100% жоғары жылдамдықты интернетпен және қауіпсіздік жүйелерімен толық қамтамасыз етілді.

    Биыл 135 орындық үш мектепке дейінгі ұйым ашылды. Келесі жылы тағы 620 орынға арналған үш балабақша салу жоспарланған. Екібастұз қаласында инвесторлардың қаражаты есебінен 140 орындық балабақша ғимараты қайта жаңғыртылып, оны мамандандырылған балабақшаға бейімдеу жұмыстары жүргізілуде.

    Апатты жағдайдағы мектептердің мәселесі толық шешілді. Соңғы үш жылда ауылдық жерлерде 10 мектеп салынды. Павлодар қаласының «Усолка» шағын ауданында 1200 орындық мектептің құрылысы аяқталуға жақын. Келесі жылы Кенжекөл және Тосағаш ауылдарында мектептер, сондай-ақ Үштерек, Баянауыл ауылдары мен Атамекен кентінде үш балабақша салу жоспарланып отыр.

    Қосымша білім беру ұйымдарының желісін жаңғырту жұмыстары да жалғасуда. Павлодар және Екібастұз қалаларында балалар шығармашылығының жаңа орталықтары, Ертіс және Ақтоғай аудандарында балалар өнер мектептері ашылды. Майқайың кентінде 500 орындық балалар өнер мектебінің құрылысы жүргізілуде. Успен және Май аудандарында бассейндер ашылып, Ертіс ауданындағы бассейннің құрылысы аяқталуға жақын.

    Ұстаздардың кәсіби қызмет атқаруына жағдай жасау және білім беру инфрақұрылымын дамыту бағытындағы шаралар нақты нәтижесін беруде. 2025-2026 оқу жылының қорытындысы бойынша Павлодар облысы білім сапасы бойынша еліміздің өңірлері арасында бірінші орынға ие болды.

    - Павлодарлық түлектердің ұлттық бірыңғай тестілеудегі жоғары нәтижелерін Мемлекет басшысы тамыз кеңесінде де атап өтті. Осы жетістіктердің барлығы, ең алдымен, ұстаздардың еңбегінің нәтижесі. Технология адаммен қарым-қатынасты және шынайы ұстаз ғана балаға бере алатын сенім мен жанашырлықты алмастыра алмайды. Біздің ортақ міндетіміз - Әділетті, Қуатты, Қауіпсіз және Таза Қазақстанның тірегіне айналатын жауапты әрі адал азаматтарды тәрбиелеу, - деп атап өтті Асайын Байханов.

    Облыс әкімі ұстаздар қауымының үздік өкілдеріне мемлекеттік және өңірлік наградаларды табыстады.

    Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлықтарына сәйкес Павлодар қаласындағы Кенжекөл жалпы білім беретін мектебінің география пәнінің мұғалімі Майя Құдайбергенова және Павлодар қаласындағы дарынды балаларға арналған №3 гимназияның орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Инна Назарова «Құрмет» орденімен марапатталды.

    «Ерен еңбегі үшін» медалімен Жеңісбек Әбуов, Бақыт Амаргала, Айнұр Жангурова, Қымбат Омарова, Әсия Дүйсембекова және Ләззат Қабдырова марапатталды.

    Сонымен қатар ұстаздарға «Павлодар облысының білім беру саласына қосқан үлесі үшін», «Ыбырай Алтынсарин», «Білім беру саласының үздігі» төсбелгілері, «Еңбек ардагері» медальдары, Павлодар облысы әкімінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттары табысталды.

    Бұдан бөлек, «Жыл мұғалімі - 2026» және «Мектепке дейінгі ұйымның үздік педагогі - 2026» облыстық байқауларының қорытындысы шығарылды.

    «Жыл мұғалімі - 2026» байқауының бас жүлдесін дарынды балаларға арналған №8 лицей-мектебінің физика пәнінің мұғалімі Жасұлан Мендібаев иеленді.

    «Мектепке дейінгі ұйымның үздік педагогі - 2026» байқауының бас жүлдесіне Баянауыл ауданының туберкулез ауруына шалдығуы ықтимал мектеп жасына дейінгі балаларға арналған «Шағала» балабақшасының тәрбиешісі Майгүл Өміртай лайық деп танылды.

    Облыстық байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне ақшалай сертификаттар табысталды.

    Мерекелік шара өңір өнерпаздары мен шығармашылық ұжымдарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламамен жалғасты.

    Павлодар облысы әкімінің баспасөз қызметі
    Суреттерді түсірген Валерий Бугаев

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Павлодар облысының әкімдігі" жаңалықтары