
5 қазан күні Ақордада ұстаздардың кәсіби мерекесіне орай іс-шара өтті. Салтанатты жиында маңғыстаулық екі ұстаз білім берудегі аса үздік жетістіктері үшін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолынан мемлекеттік марапат алды, деп хабарлайды Қоғамдық коммуникация орталығы.
Жиында Мемлекет басшысы педагогтерді кәсіби мерекемен құттықтап, ұстаз еңбегінің қоғамдағы айрықша маңызын атап өтті.
Салтанатты жиында Мемлекет басшысы 47 жылдық педагогикалық еңбек өтілі бар ұстаз Қаламқас Тілеубаеваға «Қазақстанның еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағын табыстады.
Қаламқас Тілеубаева - ұзақ жылдар бойы білім беру саласында еңбек еткен ардагер ұстаз. Ол білікті басшы ретінде ұстаздар ұжымын ұйымдастырып, жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие беруге бағытталған жұмыстарды жүзеге асырып келеді.
Қаламқас Тілеубаева бұған дейін «ҚР Білім беру ісінің озық қызметкері» төсбелгісімен, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, Ыбырай Алтынсарин төсбелгісімен марапатталған. Сондай-ақ облыстық «Жыл адамы» байқауында «Жыл мұғалімі» номинациясының иегері атанған.
Сондай-ақ Қарақия ауданындағы жалпы білім беретін мектеп-гимназиясының бастауыш сынып мұғалімі Жібек Бабаева Мемлекет басшысының Жарлығымен «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.
Жібек Бабаева 1989 жылдан бері бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етіп келеді. 33 жылдан астам педагогикалық тәжірибесі бар ұстаз қазіргі таңда Қарақия ауданы, «Жалпы білім беретін мектеп-гимназиясы» КММ бастауыш сынып оқушыларына сапалы білім мен саналы тәрбие беріп, әріптестері арасында кәсіби білімімен танылып жүрген маман.
Жібек Бабаева әр жылдары білім беру саласына сіңірген еңбегі үшін бірқатар марапаттарға ие болған. Атап айтқанда, 2017 жылы Маңғыстау облысы әкімдігінің Алғыс хатымен, 2018 жылы Маңғыстау облыстық «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығының, республикалық дарынды оқушылар порталының және «Қазақстан ұстаздары» қоғамының алғыс хаттарымен марапатталған.









