
Ақтөбе облысы спортшыларының халықаралық жарыстардағы өнер көрсету қорытындылары және спортты одан әрі дамыту міндеттері облыс әкімі Асхат Шахаровтың төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде қаралды.
Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Мейрамбек Махамбетовтің айтуынша, өңір спортшылары ресми халықаралық жарыстарда тұрақты түрде жоғары нәтижелер көрсетіп келеді.
Жақында аяқталған XX жазғы Азия ойындарында Қазақстан ұлттық құрамасы сапында Ақтөбе облысынан 20 спортшы бақ сынады. Жарыс қорытындысы бойынша олар 3 алтын, 2 күміс және 1 қола медаль жеңіп алды.
Азия ойындарының чемпионы атанғандар қатарында ММА спортынан Еркінғали Бүркіталин мен Қадырбек Шынбаев, сондай-ақ семсерлесуден Ерлік Сертай бар. Дзюдодан Әділет Алмат жеке және командалық есепте екі күміс медаль иеленді. Ал каратэден Нұрқанат Әжіқанов қола жүлдегер атанды.
Алтын медаль саны бойынша өңірлер арасында Ақтөбе облысы бірінші орынға ие болды. Спортшылар екі алтын медальді жеке есепте, бір алтынды командалық есепте қанжығасына байлады. Бұл – өңірдің Азия ойындарына қатысу тарихындағы ең үздік нәтиже.
Облыс әкімі қол жеткізілген нәтижелер одан әрі атқарылатын жұмыстың негізі болуы тиіс екенін алға тартты. Ең алдымен, алдағы Олимпиада ойындарына дайындықты қазірден жүйелі түрде бастау қажет.
«Қол жеткізген нәтижелермен шектелуге болмайды. Келесі Олимпиада ойындарына дайындықты бүгіннен бастау қажет. Қатысу және жоғары орындар үшін күресуге нақты мүмкіндігі бар спортшыларды қазірден анықтап, әрқайсысына нақты дайындық бағдарламасын әзірлеу керек. Олардың халықаралық жарыстардағы нәтижелері мен рейтингтегі позицияларын тұрақты бақылау маңызды», – деді Асхат Шахаров.
Аймақ басшысы жаттықтырушылар құрамына да баса назар аударуды тапсырды. Мамандардың кәсіби деңгейін арттырып, жетекші жаттықтырушылардың тәжірибесін пайдалану және спортшылардың толыққанды дайындалуына, қалпына келуіне және медициналық сүйемелдеуіне қажетті жағдай жасау қажет.
Жиында бұқаралық спортты дамыту мәселелері де қаралды. Асхат Шахаровтың сөзінше, балалар мен жастарды, әсіресе ауылдық елді мекендерде спортпен айналысуға кеңінен тарту және спорт инфрақұрылымының қолжетімділігін қамтамасыз еткен жөн.
«Біз бұқаралық спортты дамытумен қатар, жоғары деңгейдегі спортшыларды да даярлауымыз қажет. Балалар қай жерде тұратынына қарамастан спортпен айналысуға мүмкіндік алуы тиіс. Ал болашағы бар спортшыларға одан әрі өсуі және халықаралық деңгейге шығуы үшін барлық қажетті жағдай жасалуы керек», – деді облыс әкімі.
Аудан және қала әкімдеріне спорт алаңдары мен нысандарының қолжетімділігін қамтамасыз ету, олардың жағдайы мен тиімді пайдаланылуын бақылау тапсырылды. Салынған спорт инфрақұрылымы тұрғындар үшін сұранысқа ие болып, толық көлемде пайдаланылуы тиіс.
Сонымен қатар жиын барысында өңір спортшыларының алдағы ірі халықаралық жарыстарға қатысуы туралы сөз болды. 18-24 қазан аралығында өтетін V Азия Пара ойындарында Қазақстан ұлттық құрамасы сапында Ақтөбе облысының алты өкілі өнер көрсетеді. Олар: парадзюдодан – Мереке Аяла мен Тлек Амандаулет, парапауэрлифтингтен – Гүлім Құрманбаева, паражеңіл атлетикадан – Аслан Асан, паратаэквондодан – Милана Красавцева және арбадағы теннистен – Ердәулет Қадымбергенов.
Бұдан бөлек, Ақтөбенің төрт дзюдошысы – Бақытжан Аман, Ақылжан Жұбатханов, Есет Қуанов және Аруна Жангелдина 4-11 қазан аралығында Бакуде өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстан ұлттық құрамасының сапына енді.
24 қазан мен 1 қараша аралығында Астанада спорттық күрес түрлерінен әлем чемпионаты өтеді. Жарыста Ақтөбе облысының намысын грек-рим күресінен Мейрамбек Айнағұлов және еркін күрестен Мейрамбек Картбай қорғайды.
Отырыс қорытындысы бойынша Асхат Шахаров бейінді басқармаға спортшыларды Олимпиада ойындарына дайындық жұмыстарының қарқынын арттыру, олимпиадалық спорт түрлері бойынша құрамды анықтау және олардың жүйелі дайындығын қамтамасыз етуді тапсырды.
«Олимпиада ойындарында басты мақсат жай ғана қатысу емес, нақты нәтижеге қол жеткізу болуы керек. Ол үшін медаль үшін күресу ге қабілетті спортшыларды алдын ала анықтап, оларға қажетті жағдай жасап, дайындық барысын тұрақты сүйемелдеуді қамтамасыз ету қажет. Бұл жұмыс басшылардың жеке бақылауында болуы тиіс», – деп атап өтті облыс әкімі.









