Ақтөбелік оқушылар «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасына қосылды

    Ақтөбелік оқушылар «Таза Қазақстан» экологиялық бастамасына қосылды

    Ақтөбедегі «SMART BILIM» мектеп-гимназиясында «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында «Экологиялық тәрбие – таза болашақ кепілі» атты танымдық кездесу өтті. Шара оқушыларға табиғатты аялаудың маңызын түсіндіріп, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға үндеді.

    Кездесу барысында оқушылар «Таза Қазақстан» бағдарламасының негізгі бағыттарымен танысып, экологиялық мәдениет, қоршаған ортаны қорғау және табиғи ресурстарды ұқыпты пайдалану туралы ақпарат алды. Мамандар табиғатқа қамқорлық үлкен бастамалардан ғана емес, күнделікті қарапайым әрекеттерден басталатынын атап өтті.

    Оқушылар да кездесуге белсенді қатысып, өздерін қызықтырған сауалдарын қойды. Ашық пікір алмасу барысында қоршаған ортаны таза ұстау, ағаш отырғызу, табиғатқа ұқыпты қарау және әр адамның экологияға қосатын үлесі туралы әңгіме өрбіді.

    Ақтөбе облысы бойынша Экология департаментінің бас маманы, мемлекеттік экологиялық инспектор Гүлжайнар Абдрахманова жас ұрпақтың бойында табиғатқа жанашырлықты ерте жастан қалыптастыру маңызды екенін айтты.

    «Таза Қазақстан» бағдарламасы қоғамда экологиялық мәдениет пен табиғатқа деген жауапкершілікті қалыптастыруға бағытталған маңызды бастама. Әсіресе, жас ұрпақтың бойында қоршаған ортаны қорғауға деген жанашырлықты қалыптастырудың маңызы зор. Бүгінгі ағаш отырғызу шарасы – оқушылардың табиғатты қорғауға қосқан үлесі ғана емес, болашақ ұрпаққа жасалған игі қадам», – деді ол.

    Ал «Жастар Рухы» жастар қанаты Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы Әлішер Тыныштық жастарды экологиялық бастамаларға белсенді қатыстырудың маңызына тоқталды.

    «Бүгінгі іс-шара арқылы біз жас ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, оларды нақты істерге белсенді қатысуға шақырамыз. Табиғатты қорғау – баршамызға ортақ міндет. Жастардың осы бағыттағы белсенділігі елдің жарқын болашағына қосылған үлес деп білемін», – деді ол.

    Кездесу танымдық бөліммен ғана шектелген жоқ. Оқушылар экологиялық флешмобқа қатысып, кейін мектеп аумағына ағаш көшеттерін отырғызды.

    Осылайша, табиғатты қорғау туралы айтылған ойлар нақты іспен жалғасты.

    Мұндай шаралар балаларға қоршаған ортаға қамқорлық жасаудың маңызын түсіндіріп қана қоймай, туған жердің тазалығы мен табиғатын сақтауға әр адам өз үлесін қоса алатынын көрсетеді.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Ақтөбе облысының әкімдігі" жаңалықтары