
Сіздерді кәсіби мерекелеріңіз — Ұстаздар күнімен шын жүректен құттықтаймын!
Ұстаз жас ұрпаққа білім беріп қана қоймай, оның бойына адалдық, еңбекқорлық, жауапкершілік пен отансүйгіштік қасиеттерін сіңіреді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Адал азамат» идеясын жүзеге асыруда және елге қызмет ететін лайықты азаматтарды тәрбиелеуде сіздердің еңбектеріңіз айрықша маңызды.
Бүгінде білім беру саласы қарқынды өзгеруде. Жасанды интеллект пен цифрлық технологияларды меңгеру, оқытудың жаңа әдістерін енгізу, оқушылардың сыни ойлауы мен шығармашылық қабілеттерін дамытуда маңғыстаулық педагогтер де аянбай еңбек етіп келеді.
Облысымызда жаңа мектептер салынып, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасы нығайтылуда. Басты мақсат — әрбір балаға сапалы білім мен саналы тәрбие алуға тең мүмкіндік беру.
«Заң мен тәртіп» құндылықтары мен «Таза Қазақстан» бастамасын дәріптеуде, құқықтық мәдениетті, қоғамдық жауапкершілікті және туған жерге ұқыпты қарауды қалыптастыруда да сіздердің рөлдеріңіз ерекше.
Ұстаз еңбегі — ел болашағына салынған инвестиция. Мол тәжірибесі мен мамандығына адалдығы арқылы жас әріптестеріне үлгі болып жүрген ардагер ұстаздарға ерекше алғысымды білдіремін.
Баршаңызға зор денсаулық, отбасыларыңызға амандық, шығармашылық шабыт және кәсіби жетістіктер тілеймін! Еңбектеріңіз жемісті болып, шәкірттеріңіздің жетістіктері мерейлеріңізді үстем ете берсін!
Мұғалімдер күні құтты болсын!
Құрметпен,
Маңғыстау облысының әкімі
Нұрдәулет Қилыбай









