ШЫМКЕНТТЕ АҒА БУЫН ӨКІЛДЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

    ШЫМКЕНТТЕ АҒА БУЫН ӨКІЛДЕРІНЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

    Халықаралық қарттар күніне орай Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков аға буын өкілдерінің шаңырақтарына барып, мерекемен құттықтады. Қала әкімі Рахматулла Мәуленов, Өркен Әбдіреев, Шәки Күлмажитов және Сәбит Рүстемовтермен жүздесіп, ақжарма тілегін жеткізді.

    Кездесу барысында қариялар еңбек жолы, өмірлік тәжірибесі мен отбасылық дәстүрлері жайлы естеліктерімен бөлісті. Өз кезегінде қала әкімі ардагерлерге Шымкенттің дамуына қосқан көп жылғы еңбегі үшін алғыс айтып, естелік сыйлықтар табыстады. Сондай-ақ қарияларға зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасына бақ-береке мен жан тыныштығын тіледі.

    Бүгінде Шымкент қаласында 105 мыңнан астам зейнеткер тұрады. Аға буын өкілдерінің өмір сүру сапасын арттыру, денсаулығын нығайту және белсенді өмір салтын қалыптастыру мақсатында түрлі әлеуметтік қолдау шаралары жүзеге асырылуда.

    Халықаралық қарттар күніне орай жасы 70-тен асқан 29 841 тұрғынға 3 АЕК мөлшерінде біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді. Сонымен қатар 80 жастан асқан жалғызбасты 101 қарияға ай сайын 2 АЕК көлемінде әлеуметтік төлем беріледі.

    Қариялардың денсаулығын нығайтуға да ерекше көңіл бөлінуде. Биыл санаторий-курорттық жолдамамен 8 735 адамды қамту жоспарланса, қазіргі таңда оның 5 090-ы қамтамасыз етілді.

    Ал «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығының төрт бөлімшесінде күн сайын 800-ден астам зейнеткер түрлі іс-шараларға қатысады. Мұнда қарияларға спорттық, шығармашылық және сауықтыру бағытындағы сабақтар ұйымдастырылған.

    Әлеуметтік қолдау шараларының қатарында қоғамдық көлікте тегін жүру мүмкіндігі де бар. 70 жастан асқан тұрғындар қаладағы қоғамдық көлікті тегін пайдалана алады. Бұдан бөлек, қарияларға театр, музей, хайуанаттар бағы мен дендросаябаққа тегін бару мүмкіндігі қарастырылған.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "«Шымкент қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы» КММ" жаңалықтары