
Ақтау портында су түбін тереңдету бойынша негізгі жұмыстар басталды. Жоба порт инфрақұрылымының тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге және Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) бойынша тасымалдардың тиімділігін арттыруға бағытталған.
Су түбін тереңдету қажеттілігі Каспий теңізі деңгейінің төмендеуіне байланысты туындап отыр. Бұл жағдай порт акваториясының пайдалану сипаттамалары мен кеме қатынасына әсер етуде. Жоба аясында шамамен 1,3 млн текше метр топырақты алу көзделген, бұл акваторияның тереңдігін 6–7 метрге дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
Өз кезегінде, су түбін тереңдету жұмыстарын жүргізу порттың өткізу қабілетін арттыруға және ТХКБ бойынша тасымал көлемін 30%-ға дейін ұлғайтуға, сондай-ақ жүктерді теңіз арқылы тасымалдау құнын шамамен 10–15%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жобаны іске асыру порт инфрақұрылымын дамытуға инвестициялар тартуға және теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Қазіргі таңда мердігер тарапынан жұмыстарды орындау кестесі әзірленді. Жобаны іске асыру белгіленген мерзімдерге сәйкес жүргізілуде. Ағымдағы мәселелерді жедел шешу және жобаға қатысушылардың іс-қимылдарын үйлестіру мақсатында тұрақты түрде жұмыс кеңестері өткізіледі. Су түбін тереңдету жұмыстарын ағымдағы жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланған.








