
Түнгі шақыртулар, қолайсыз ауа райындағы аңду, гигабайттаған цифрлық деректерді талдау, айғақтарды тексеру және адамдармен үздіксіз жұмыс – қазіргі жедел уәкілдердің күнделікті қызметінің бір бөлігі. Заман, құралдар мен жұмыс бағыттары өзгергенімен, басты нәрсе өзгеріссіз қалады. Ол – іздей білетін, талдай алатын және істі соңына дейін жеткізетін адам.
5 қазан – 1918 жылдан, яғни қылмыстық іздестіру қызметі құрылған кезден бастау алатын қызметтің айтулы күні. Бүгінде криминалдық полиция тек дәстүрлі іздестіру және ауыр қылмыстарды ашумен шектелмейді. Уақыт жаңа сын-қатерлерді алға тартып отыр. Осыған байланысты жедел блоктың жұмысы кеңейіп, мамандана түсті: есірткі қылмыстарына, ұйымдасқан қылмысқа, киберқылмысқа және экстремизмге қарсы іс-қимыл жасайтын дербес бөлімшелер құрылды.
Есептердегі құрғақ сандардың артында тәулік бойы қызмет атқаратын жүздеген тәжірибелі офицердің еңбегі тұр. 2026 жылдың басынан бері Солтүстік Қазақстан облысында 1561 қылмыс тіркеліп, олардың жалпы ашылу көрсеткіші 69,1%-ды құрады. Тіркелген барлық адам өлтіру, қорқытып алушылық, тонау және автокөлік айдап кету қылмыстары толық ашылды. Сонымен қатар ұрлық саны 16,7%-ға, пәтер ұрлығы 20,7%-ға, алаяқтық 29,4%-ға, оның ішінде интернет-алаяқтық 31,4%-ға азайды. Қоғамдық орындарда жасалған қылмыстар саны 18,4%-ға төмендеді. 215 есірткі қылмысы анықталды, оның ішінде есірткі өткізудің 102 дерегі бар. Заңсыз айналымнан 512 келіден астам есірткі заттары тәркіленді.
Жедел уәкілдің жұмысы тек оқиға орнына барумен шектелмейді. Бұл – бір қадам алға ойлай білу, жағдайға уақытша қылмыскердің көзімен қарап, оның логикасы мен қорқынышын болжай алу, сонымен бірге объективтілік пен кәсіби қашықтықты сақтай білу. Жедел қызмет өтілі мен тәжірибелік мектеп – баға жетпес негіз. СҚО ПД бастығы, полиция полковнигі Руслан Назаров және оның алты орынбасарының төртеуі жедел бөлімшелерде елеулі қызмет тәжірибесіне ие. Өңірдегі аумақтық бөлімшелер басшыларының басым бөлігі де жедел қызмет мектебінен өткен.
Уақыт өте келе полицияның құрылымы, қылмыс сипаты мен жұмыс әдістері өзгерді. Жаңа бағыттар, технологиялар мен құралдар пайда болды. Бірақ басты нәрсе өзгеріссіз қалды: іздей білетін, талдай алатын, шешім қабылдап, істі нәтижеге дейін жеткізетін маман. Жедел қызметтен өткен полиция офицерлері мен ардагерлер бұл күні қазіргі жедел уәкілдерге ақ жол тілеп, оларға сабырлылық, кәсіби түйсік және сол бір «оперативтік сәттілік» тілейді.







