
Бүгін, 2 қазан күні Ақтау қаласының әкімі Мақсат Мұқаш қалаға қарасты Өмірзақ ауылындағы әлеуметтік нысандардың жылыту маусымына дайындығын тексерді.
Қала басшысы алдымен Өмірзақ ауылындағы №27 орта мектепке барып, білім беру ұйымының ұжымымен кездесті.
1998 жылы негізі қаланған білім ордасында бүгінде 258 оқушы білім алып, 40 педагог қызмет атқарады. Мектеп алдағы жылыту маусымына толық дайын.
– Жылумен қамтамасыз ету – оқушылардың сапалы білім алып, қолайлы жағдайда оқуы үшін аса маңызды. Президент тапсырмасына сәйкес, ауылды кешенді дамыту жоспарын әзірлеуіміз қажет. Халық санын сақтап, үш массивті округті байланыстырып тұрған Өмірзақ ауылының дамуына үлес қосамыз, – деді қала әкімі Мақсат Мұқаш.
Бұдан кейін қала басшысы «Рауан» елді мекеніндегі «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында салынған 300 орындық №26 жалпы білім беретін мектепке, сондай-ақ «Оймашы-3» елді мекеніндегі спорт кешеніне барды.
Мақсат Мұқаш әлеуметтік нысандардың жылыту маусымын сапалы әрі үздіксіз өткізу қажеттігін атап өтіп, жауапты мамандарға тиісті тапсырмалар жүктеді.
Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі









