
Алматы облысына жұмыс сапары аясында Су ресурстары және ирригация министрі «Қазсушар» РМК-ның «Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы» филиалының ұжымымен кеңес өткізді.
Су шаруашылығы ведомствосының басшысы вегетация кезеңінің қорытындылары және өңірдің су инфрақұрылымын дамыту жобаларының барысы туралы баяндамаларды тыңдады. Бүгінде министрдің тапсырмасы бойынша филиалдың қарамағындағы нысандарды реконструкциялау және жаңғырту жөніндегі жол картасы әзірленді. Онда 37 іс-шара көзделген.
Жоспарланған жұмыстардың қатарында Күрті өзеніндегі Оң жағалау және Сол жағалау магистральдық каналдарын, Қорам магистральдық каналын және Үлкен Алматы каналының 15,6 шақырымын реконструкциялау жұмыстары бар. Қазіргі уақытта осы төрт жоба бойынша мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды.
Шелек өзеніндегі Бартоғай су қоймасының бөгетін реконструкциялауға арналған жоба құжатын әзірлеу аяқталып келеді. Күрті су қоймасының бөгетін, Тасқұтан су көтеру құрылысын, Шелек гидроторабын, сондай-ақ Үлкен Алматы каналының бас құрылысын және 110 шақырымын реконструкциялауды көздейтін бес жобаны әзірлеу жұмыстары басталды.
Сонымен қатар қалған жобаларды әзірлеу жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Осылайша, жаңғырту жұмыстары «Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы» филиалының қарамағындағы барлық су шаруашылығы нысанын қамтиды.
Баяндамаларды тыңдаған Нұржан Нұржігітов каналдар арқылы суармалы суды жеткізу бойынша сапалы қызмет көрсету қажеттігін атап өтті.
«Филиал көрсетілетін қызметтердің сапасын арттыруы қажет. Ол үшін инфрақұрылымдық жобалардың уақытылы әрі адал іске асырылуын қамтамасыз ету, түсіндіру іс-шараларын белсендірек өткізу және азаматтардың өтініштеріне жедел жауап беру қажет. Министрлік тарапынан тиімді жұмыс істеу үшін барлық жағдай жасалған: гидротехникалық нысандарды салу және реконструкциялау жобалары қолдау тауып, жаңа техника ұсынылып, мамандардың жалақысы көтеріліп жатыр, су жеткізуге электрондық шарттар жасасу жүйесі енгізілді», – деді Су ресурстары және ирригация министрі.
Алматы облысына жұмыс сапары барысында Нұржан Нұржігітов Талғар өзені арқылы өтетін «Үлкен Алматы каналы маңындағы» автомобиль жолындағы көпірді реконструкциялау жұмыстарының барысымен де танысты. Құрылыс-монтаж жұмыстары аяқталғаннан кейін нысанның ұзындығы шамамен 120 метр, ені шамамен 12 метр болады.
Министр Талғар өзенінің арнасын реконструкциялау жобасын әзірлеуді және оны жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырып жатқан көпірді қайта жаңғырту жобасымен біріктіруді тапсырды. Сондай-ақ «Д. Қонаев атындағы Үлкен Алматы каналы» филиалының қарамағындағы төрт құбырлы дюкердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізу тапсырылды.
Ұзындығы 646,6 метр болатын дюкер секундына 58,5 текше метрге дейін су өткізе алады және Алматы облысының Талғар ауданын және Алматы қаласын сумен қамтамасыз етеді.








