Ұстаздық пен көшбасшылықты ұштастырған педагог

    Ұстаздық пен көшбасшылықты ұштастырған педагог

    Павлодар облысындағы Абай жалпы білім беретін мектебінің басшысы, математика пәнінің мұғалімі Ашенова Айнагүл Серікқызы педагогикалық қызметті басқару ісімен ұштастырып, оқушылардың білім алуымен қатар, олардың әлеуметтік белсенділігі мен азаматтық жауапкершілігін дамытуға бағытталған жұмыстарды жүзеге асырып келеді.

    Педагогтің кәсіби қызметінде әлеуметтік және волонтерлік жобалар ерекше орын алады. Ол Павлодар облысында өткен «Volunteer time» шағын гранттар конкурсында жеңімпаз атанып, екі әлеуметтік жобаны жүзеге асырды. Соның бірі – ерекше қажеттіліктері бар балалар мен олардың ата-аналарын қолдауға бағытталған «QamqorPlus» жобасы. Ал «Ертіс заң жолында» жобасы «Заң және тәртіп» идеологиясы аясында жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға және құқықтық волонтерлікті дамытуға бағытталған.

    Математика пәнінің мұғалімі ретінде Айнагүл Серікқызы оқушылардың логикалық және зерттеушілік ойлау қабілетін дамытуға басымдық береді. Оның жетекшілігімен оқушылар түрлі ғылыми-зерттеу және пәндік байқауларда жүлделі орындарға ие болып келеді. Атап айтқанда, 2024 жылы Қасымжан Нұрғиса «Бастау» конкурсында І орын иеленіп, республикалық «Зерде» конкурсының аудандық кезеңінде ІІІ орын алды. 2025 жылы Ашен Айнар «Зерде» зерттеу жобалары конкурсының аудандық кезеңінде ІІІ орын иеленді.

    Айнагүл Серікқызының өзі де кәсіби ізденісін үзбей келеді. 2023 жылы математика пәнін оқыту мәселелеріне арналған республикалық ғылыми-әдістемелік журналдарда екі авторлық мақаласы жарық көрді. 2025 жылы «Цифрлық технологиялар және жасанды интеллект» өңірлік форумында озық педагогикалық тәжірибесін таратқаны үшін сертификатпен марапатталды.

    Бүгінде мектеп басшысы ретінде ол педагогтердің кәсіби дамуына жағдай жасап, оқушылардың бастамаларын қолдауға және мектеп пен қоғам арасындағы байланысты нығайтуға бағытталған жұмыстарды жалғастырып келеді. Оның қызметінде мұғалімдік тәжірибе, басқару, тәлімгерлік және әлеуметтік бастамалар өзара сабақтасып, білім беру мен тәрбиенің біртұтас жүйесін қалыптастыруға бағытталған.

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    ""Павлодар облысының білім беру басқармасы" мемлекеттік мекемесі" жаңалықтары